Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына іссапармен келді. Ел Президенті Алматы облысының қарқынды дамып жатқанына оң бағасын берді. Бұл осы аумақтың тұрғыны ретінде біз үшін зор мәртебе. Мемлекет басшысының өзінің бастамасымен қолға алынған Алатау қаласы бүгінде еліміздегі болашақ қаласы ретінде ерекше қарқынмен даму үстінде. Оны өзіміз де көріп жүрміз. Болашағы зор, стратегиялық маңызы да зор бұл қаланың даму жоспарымен танысты Мемлекет басшысы. Оның 4 арнаулы аумаққа бөлініп, инвестиция тарту жұмыстарының да қарқынды жүріп жатқанын сөз етті. Президент «Alatau city жобасына зор үміт артатынын да айтты. Жаңа қала салу – ел дамуын сапалық деңгейге көтерудің басты қағидасы. Қаланың бас жоспарымен танысқан ел президенті бірқатар тапсырмалар да беріпті. Болашақта бұл қаланың еліміз үшін маңызының зор боларына біз де сеніммен қараймыз. Ұстаз ретінде мені бір қуантқаны — мемлекет басшысының «Атлетико де Мадрид Қазақстан» футбол академиясына арнайы баруы. Халықаралық деңгейдегі футбол академиясының жұмысымен танысып, балаларға арналған жатақхананың жайын да көріп, балалардың жаттығуларын тамашалауы да ерекше әсер етті. Мемлекет басшысы қашанда спортты жоғары қоятынын білеміз. Бұл жолғы сапарда академия өрендерімен кездесуі мемлекет басшысының жас ұрпақтың саулығы мен олардың болашағына бей-жай қарамайтынын тағы бір мәрте аңғартты. Мемлекет басшысы Алматы облысында болған сапарында сын да айтты, оң бағасын да берді. Айтылған сын – баршамызға ортақ. Ендеше еліміздің, облысымыздың, ауданымыздың дамуына бірлесе жұмыс істесек, біз аспайтын асу болмас.
Бибігүл Абдилова
Ұйғыр аудандық мәслихатының депутаты
