Перейти к содержимому
Главная страница » «Адал кәсіпкер» анықталады

«Адал кәсіпкер» анықталады

«Заң және тәртіп» қағидаты аясында облыс­тық кәсіпкерлер пала­тасының ұйымдас­тыруы­мен «Адал кәсіпкер» өңірлік байқауы жария­ланды. Негізгі мақсаты – заң талаптарын сақтай отырып, адал әрі жауапты кәсіп жүргізетін бизнес өкілдерін қолдау, олардың үздік тәжірибесін насихаттау және қоғамда адал кәсіпкерлік мәдениетін қалыптастыру.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы­­ның мәжіліс залында мемлекеттік органдар, қаржы институттары мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінен жасақталған комиссия құрамы дөңгелек үстелде бас қосып, байқауды сапалы ұйымдас­тырып, өткізу жайын ақылдасты. Басқосу барысында өкілдер байқауға қатысатын кәсіпкерлерді іріктеу талаптарын, бағалау критерийлерін, мемлекеттік органдардан қажетті ақпараттарды алу тетіктерін және ақпараттық сүйемелдеу мәселелерін талқылап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Кәсіпкерлік мәдениетін дамытуға, бизнестің ашықтығы мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған байқауға облыс аумағында тіркелген және кемінде екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан өнеркәсіп, құрылыс, сауда, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы шағын және орта бизнес субъектілері қатыса алады. Қатысушылар өз қызметін ашық жүргізуі, заң талаптарын сақтауы, қызметкерлеріне тиісті еңбек жағдайын жасауы және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуы қажет. Сонымен қатар олардың салық пен міндетті төлемдер бойынша берешегі және заңнаманы өрескел бұзу деректері болмауы тиіс.
Қатысушыларды бағалау кезін­де салық тәртібі, әлеуметтік жауап­кершілік, еңбек қауіпсіздігі талап­тарының сақталуы, бизнестің ашық­тығы, іскерлік бедел және кәсіп­орын қызметінің тұрақтылығы ескеріледі. Бағалау арнайы комиссия тарапынан 100 балдық жүйе бойынша жүргізіледі. Жеңімпаздар «Үлгілі салық төлеуші», «Қауіпсіз бизнес», «Үздік өндірістік бизнес», «Әлеуметтік жауапты бизнес», «Ашық бизнес» және басқа да арнайы номинациялар бойынша анықталады.Үздік кәсіп­орындар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталады.
Қазіргі уақытта байқауға қатысу үшін өтінім қабылдау басталды. Өтінімді онлайн түрде немесе  облыс­тық кәсіпкерлер палатасына барып тапсыруға болады.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ