Перейти к содержимому
Главная страница » Әкім бақылауында

Әкім бақылауында

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне әрдайым ерекше мән беріп келеді. Президент: «Баспана – әрбір отбасы үшін аса маңызды мәселе. Сондықтан тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі», – деп атап өткен болатын. Осы бағыттағы мемлекеттік саясаттың нәтижесінде елімізде тұрғын үй құрылысы қарқын алып, мемлекеттік бағдарламалар арқылы көптеген отбасы жаңа баспанаға қол жеткізуде.

Бұл – азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартып, әр отбасының жайлы тұрғын үйге ие болуына мүмкіндік беретін маңызды бастама. Соңғы жылдары Балқаш ауданы көлемінде де тұрғын үй құрылысы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның арқасында тұрғын үй кезегінде тұрған көптеген отбасы баспаналы болды. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, Миялы, Бақбақты, Ақдала және Бақанас ауылдарында жаңа тұрғын үйлердің құрылысы жоспарланған.
Жоспардағы нысандардың құрылыс жұмыстары Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетовтің тұрақты бақылауында. Ол жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар беріп, жұмыстардың сапасы мен мерзімінде орындалуын үнемі қадағалайды. Қазіргі таңда Миялы ауылында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігерлердің бірі – жеке кәсіпкер Жанат Жарасбаев. Ол биыл мамыр айында 2 пәтерлі төрт тұрғын үй мен 1 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысын бастаған. Бүгінде құрылысшылар тұрғын үйлердің сыртқы қабырғаларының кірпіш қалау жұмыстарын толығымен аяқтаған. Алдағы кезеңде ішкі бөлмелерді бөлу, есік-терезелерді орнату және әрлеу жұмыстары жүргізіледі.
Осыған орай Миялы ауылындағы құрылыс алаңына арнайы барып, жұмыс барысымен таныстық. Құрылысшылардың күннің аптап ыстығына қарамастан тынымсыз еңбек етіп жатқанын көзбен көрдік. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын еңбек адамдарының ұйымшыл еңбегі құрылыс жұмыстарының жоспарға сай жүргізіліп жатқанын аңғартты. Құрылыс прорабы Александр Таций атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Оның айтуынша, тұрғын үйлер табиғи газ, ауызсу, кәріз жүйесі және электр желісімен толық қамтамасыз етіледі. Жеке кәсіпкердің өз қаражаты есебінен салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы биыл қазан айында толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан баспаналардың әрбір отбасының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыратын сөзсіз. Сондықтан сапалы әрі уақытылы салынған баспаналар халықтың жайлы өмір сүруіне, әлеуметтік тұрақтылықтың нығаюына және өңірдің дамуына оң ықпал етеді. Құрылыс барысында сапалы материалдар мен заманауи технологиялардың қолданылуы тұрғын үйлердің беріктігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ал жұмыстардың белгіленген мерзімде аяқталуы тұрғындардың жаңа баспаналарына тезірек қол жеткізуіне мүмкіндік бермек. Осылайша балқаштық отбасылар биылғы жылы баспаналы болып, тұрғындар қуанышы еселене түспек.

Алтынай СЕЙІТКЕН

Балқаш ауданы