Перейти к содержимому
Главная страница » Ата-ана – балаға үлгі

Ата-ана – балаға үлгі

От басы

Қоғамдағы қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз ету – құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ құқықбұзушылықтың кез келген түріне жол бермеу бағытындағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлініп жатыр.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасы мүшелерінің біріне қатысты күш қолдану, психологиялық қысым көрсету, қорқыту, экономикалық шектеу немесе өзге де заңсыз әрекеттер жасау арқылы оның құқықтары мен бостандығына қол сұғу. Мұндай әрекеттер адамның денсаулығына, психологиялық жағдайына және отбасының тұрақтылығына кері әсерін тигізеді.

Егер сіз немесе жақындарыңыз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болсаңыз, бұл мәселені жасырмай, дер кезінде құқық қорғау органдарына немесе тиісті әлеуметтік қызметтерге хабарласу қажет. Уақытылы көрсетілген көмек ауыр зардаптардың алдын алып, жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өкінішке қарай, балалар көп жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болып жатады. Осы орайда тұрмыстық жанжалдардың алдын алу үшін отбасындағы өзара сыйластық, түсіністік пен жауапкершілік бірінші орында болуы керек. Ата-аналар балаларына өздері үлгі екенін есте ұстап, балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөліп, құқықтық тәрбие беруге көбірек ден қойғаны жөн. Бала болашағы ерлі-зайыптылардың әрекетінен көрініс табады. Сондықтан бақытты ұрпақ бақытты отбасында өсетінін естен шығармаған абзал.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Бұл жауапкершілік отбасы, ошақ қасынан басталады.

Айсұлу Жалғасова,

 Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы