Перейти к содержимому
Главная страница » Азаматтардың құқығын қорғау – басты мақсат

Азаматтардың құқығын қорғау – басты мақсат

Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 1 шілдеде қабылданған жаңа Конституциясында «Конституциялық Сот» атты бөлімнің енгізілуі құқықтық мемлекетті дамытудың маңызды қадамы болды. Бұл бөлімде Конституциялық Соттың мәртебесі, құрамы, құзыреті және оған жүгіну тәртібі нақты айқындалып, азаматтардың құқықтарын қорғаудың жаңа мүмкіндіктері қарастырылған. Ата заңымызда Конституциялық Сот «конституциялық бақылауды жүзеге асыратын және бүкіл ел аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз мемлекеттік орган» ретінде айқындалған. Бұл норма аталған органның елдегі ең жоғары құқықтық бақылау институты екенін көрсетеді.
Жаңа Конституциядағы ең маңызды өзгерістердің бірі – азаматтардың Конституциялық Сотқа жүгіну құқығының нақты бекітілуі. Бұл құқық Конституцияның 73-бабында айқын көрініс тапқан. Онда «Қазақстан Республикасы азаматтарының Конституцияда көзделген құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Конституцияға сәйкестігін олардың өтініштері бойынша қарайды» деп көрсетілген. Бұл дегеніміз, кез келген азамат өзінің конституциялық құқықтары заң немесе басқа да нормативтік акт арқылы бұзылды деп есептесе, тікелей Конституциялық Сотқа жүгініп, оның заңдылығын тексеруді талап ете алады. Мұндай мүмкіндік қарапайым халық үшін аса маңызды, себебі бұл құқық бұрынғыдай жанама емес, нақты әрі қолжетімді құқықтық құралға айналды. Сонлдай-ақ аталмыш бапта Конституциялық Соттың өкілеттіктері кеңінен көрсетілген. Мысалы, ол Президенттің, Құрылтайдың немесе басқа да уәкілетті субъектілердің өтініштері бойынша заңдардың Конституцияға сәйкестігін қарайды, халықаралық шарттарды ратификациялауға дейін тексереді және Конституция нормаларына ресми түсіндірме береді. Алайда қарапайым азаматтар үшін ең маңыздысы – дәл осы 73-баптың 3-тармағында бекітілген тікелей жүгіну мүмкіндігі. Бұл норма азамат пен мемлекет арасындағы құқықтық байланысты жаңа деңгейге көтереді.
Конституцияның 75-бабы Конституциялық Сот шешімдерінің құқықтық салдарын нақтылайды. Аталған баптың 2-тармағында «Конституцияға сәйкес келмейді деп танылған заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер немесе олардың жекелеген ережелері Конституциялық Сот шешім қабылдаған күннен бастап қолданысын тоқтатады және қолданылмауға тиіс» деп көрсетілген. Бұл – азаматтың өтініші негізінде қаралған мәселе бойынша егер заң Конституцияға қайшы деп танылса, ол толық немесе ішінара күшін жоятынын білдіреді. Ал Конституциялық Сот шешімдері «бүкіл аумақта жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті және шағым жасауға жатпайтынын» ескерсек, оның шешімдерінің жоғары құқықтық күшке ие екенін және олардың орындалуы міндетті екенін көре аламыз. Ал бұл дегеніміз азаматтарымыздың құқығы осындай ең жоғарғы органда қорғалады деген сөз.
Ата заңымыздың әр тарау, тармағын таразыға сала отырып оқыған сәтте Конституциялық Сотқа жүгіну құқығының қарапайым халық үшін пайдасының көп екенін аңғардық. Біріншіден, бұл – азаматтардың құқықтарын қорғаудың ең жоғары деңгейдегі кепілі, себебі адам өз мәселесін Конституция тұрғысынан қарата алады. Екіншіден, заңдардың сапасы артады, өйткені кез келген норма Конституциялық Сотта тексерілуі мүмкін екенін заң шығарушы орган ескеруге мәжбүр болады. Үшіншіден, азаматтардың мемлекетке деген сенімі күшейеді, өйткені олардың құқықтарын қорғайтын нақты әрі тиімді тетік бар. Төртіншіден, қоғамда құқықтық мәдениет қалыптасады, адамдар өз құқықтарын біліп қана қоймай, оны заңды жолмен қорғауға дағдыланады.
Демек жаңа Конституциядағы Конституциялық Сот институты және оған азаматтардың тікелей жүгіну құқығы – құқықтық мемлекеттің маңызды көрсеткіші. Бұл өзгерістер заң үстемдігін қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамдағы әділеттілік пен тұрақтылықты нығайтуға зор ықпал етеді. Әрі «Әділетті Қазақстанға» жасалған нық әрі маңызды қадам екенін аңғартады.

Гүлжаһан Әликеева,
кәсіби медиатор
Ұйғыр ауданы