Биыл жазушы, драматург, журналист, әдебиет сыншысы, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған қарымды қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, жерлесіміз Бек Тоғысбаевтың туғанына 90 жыл толып отыр. Осыған орай, қаламгердің кіндік қаны тамған, бақ дарыған Балқаш өңірінде «Асыл адам» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Тағылымды шараны ТҮРКСОЙ Жазушылар одағы мен Балқаш ауданының әкімдігі ұйымдастырды. Аудандық Мәдениет үйінде өткен ғылыми конференцияға қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, қаламгердің көзін көрген ақын-жазушылар, әдебиеттанушы-ғалымдар, мәдениет саласының қызметкерлері және өңір жұртшылығы қатысты.
Әдеби кеш барысында Бек Тоғысбаевтың өмір жолы, шығармашылық мұрасы кеңінен насихатталып, оның қазақ әдебиеті мен руханиятына қосқан өлшеусіз үлесі жайлы сыр шертілді.
Конференцияның шымылдығын түрген Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов қаламгер мұрасының қазақ руханияты үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
– Бұл тағылымды басқосу – ұлт руханиятына сүбелі үлес қосқан қаламгердің шығармашылық мұрасын зерделеп, оның қазақ әдебиеті мен мәдениетіне сіңірген еңбегін кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттауға арналған маңызды ғылыми алаң.
Бек Тоғысбаев – халқымыздың тарихын, ұлттық құндылықтарын, адамгершілік мұраттарын өз шығармалары мен публицистикалық еңбектері арқылы кеңінен дәріптеген, азаматтық ұстанымы берік тұлға. Оның шығармашылық мұрасы – ел руханиятының баға жетпес байлығы, ал өнегелі өмір жолы – жас ұрпаққа рухани азық әрі өмірлік өнеге.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық руханиятты дамытуға, тарихи тұлғалардың мұрасын ұлықтауға ерекше мән беріп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі ғылыми конференцияның маңызы зор. Мұндай игі шаралар ұлттық әдебиетіміздің асыл мұрасын жаңаша пайымдауға, ғылыми тұрғыдан зерттеуге және кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Конференцияға қатысушы ғалымдар мен ақын-жазушылардың баяндамалары қаламгер мұрасын жаңа қырынан танытып, ұлттық әдебиеттану ғылымының дамуына өз үлесін қосатынына сенімдімін, – деді аудан басшысы.
Құттықтау сөзінен кейін Азат Үкітайұлы Бек Тоғысбаевтың қыздары Айгүл Бекқызы, Айжан Бекқызы және ұлы Мұхтар Бекұлын сахна төріне шақырып, иықтарына зерлі шапан жапты.
Мұнан кейін сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбетәлиев пен Жетісу облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сұлтанұлы көрнекті қаламгердің қазақ руханиятындағы орнын айрықша атап өтіп, оның шығармашылық мұрасын насихаттауға арналған ғылыми конференцияның маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар Бек Тоғысбаевтың отбасына Алматы, Жетісу облыстарының Құрмет грамотасын табыстады.
Өз кезегінде журналист, әдебиет сыншысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әмірхан Меңдеке жазушы шығармашылығына жоғары баға беріп, оның ұлт руханиятына өлшеусіз қызмет еткен қаламгер екенін айтты.
– Бек Тоғысбаев шығармалары – уақыт өткен сайын құнын жоғалтпайтын, адамгершілік пен ар-ожданды ту еткен өміршең туындылар. Ол – ұлттың рухани әлеміне адал қызмет еткен тұлға, – деді әдебиет сыншысы.
Ал құттықтау сөздерді қорытындылаған жазушының жерлесі, Жиделі ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Байсынов Бек Тоғысбаевтың ататегі мен өмір жолына тоқталып, қаламгердің есімі халқымен бірге мәңгі жасайтынын айтты.
Конференция барысында Сүйінбай атындағы облыстық филармония ұжымы өнер көрсетіп, жиналған қауымға әсерлі ән-күйден шашу шашты. Қазақтың ұлттық өнерін дәріптеген талантты өнерпаздардың орындауындағы шығармалар Бек Тоғысбаевтың рухани мұрасымен үндесіп, шараның мазмұнын байыта түсті.
Конференцияның ресми бөлімі аяқталғаннан кейін сөз кезегі баяндамашыларға берілді. Халықаралық Шыңғыс Айтматов академиясының академигі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Анарбай Бұлдыбай, көрнекті қаламгер Қуандық Түменбай, ақын Алтыншаш Жақиянова, алаштанушы-ғалым Елдос Тоқтарбай, әдебиеттанушы Әлібек Байбол және ақын, ғалым Бауыржан Қарабеков қаламгердің өмірі мен шығармашылығы, қоғамдық қызметі мен тарихи тұлғасы туралы мазмұнды баяндамалар жасап, тың ғылыми тұжырымдарын ортаға салды.
Мәселен, Алтыншаш Жақиянова «Асыл адам айнымас» шығармасының идеялық-көркемдік ерекшеліктеріне тоқталып, туындыдағы адамгершілік құндылықтар мен асыл тұлғаның болмысын жан-жақты талдады. Ал Елдос Тоқтарбай алдағы уақытта облыстық және республикалық деңгейде «Бек Тоғысбайұлы оқуларын» ұйымдастыруды, Қонаев қаласында Бек Тоғысбайұлы атындағы әдеби-өлкетану музейін ашуды, аудан орталығында жазушының ескерткішін орнатуды ұсынып, болашақ мерейтойларда қаламгердің сөзіне жазылған әндер шырқалса деген тілегін жеткізді.
Ғылыми конференцияның мазмұнын айшықтай түскен ерекше сәттердің бірі Бек Тоғысбаев кітаптарының салтанатты тұсаукесері болды. Көпшілікке қаламгердің екі томдық таңдамалы туындылары ұсынылып, мерейтойға орай жарық көрген «Асыл адам» танымдық кітабының таныстырылымы өтті. Зиялы қауым бұл еңбектердің кейінгі ұрпаққа тағылымы мол, құнды рухани мұра екенін ерекше атап өтті. Бұдан кейін бірқатар қаламгер Абай атындағы Халықаралық поэзия академиясы мен ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының «Хәкім Абай» медалімен және арнайы дипломдарымен марапатталды. Сонымен қоса Алматы облыстық кітапханасы аудандық орталық кітапхана ұжымымен бірлесе отырып, Бек Тоғысбайұлы шығармалары бойынша мектеп оқушылары арасында облыстық эссе байқауын ұйымдастырып, «Құмайын Қазақ» қоры мен ТҮРКСОЙ Жазушылар одағы қаржылай сыйлық тағайындаған еді. Конференция соңында байқау нәтижесі жарияланып, жеңімпаздарды Алматы облыстық кітапханасының меңгерушісі Ғалия Тоқабаева марапаттады. Атап айтсақ, байқауға қатысқан Айзере Нұрақын мен Мөлдір Сүлейменқызы жеңімпаз атанып, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ өзге де қатысушыларға ынталандыру сыйлығы табысталды.
Осылайша өлмейтін шығармалары арқылы халқының жадында мәңгілік сақталған тұлғасы таудай азамат Бек Тоғысбайұлының 90 жылдық мерейтойы бақ дарып, құт құнған өлкеде дүбірлеп атап өтілді.
Конференциядан кейін зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ғалымдармен бірге аудан жұртшылығы Бек Тоғысбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылған асқа қатысып, жазушының рухына Құран бағыштап, тағзым етті.
Мерейтой аясында Балқаш аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен «Шежіре тұнған, асылдар туған құт мекен» атты кітап көрмесі таныстырылып, библиографиялық шолу жүргізілді. Көрмеде аудан тарихын баяндайтын шығармалар, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың өнегелі өмірі мен еңбектерін насихаттауға арналған шығармалар, өзінің ғажап әншілігімен қоса, ақындығы да ешкімнен кем болмайтын, содан да болар қай жанрда жазбасын, қайнаған тіршіліктің өзін көрсететін ақын, жазушы-драматург Б.Тоғысбаевтың шығармалары мен отбасылық жеке архивінен алынған қолжазбалары, марапаттары, өзіне тиесілі заттары ұсынылды. Сондай-ақ, жазушы өмірінің әр сәтін бейнелейтін сурет галереясы қойылды.
Қазақ әдебиетіндегі орны бөлек қаламгердің «Жаңбырлы күз», «Үміт», «Алдыңғы толқын», «Асыл адам айнымас», «Боз жорға», «Намыс», «От пен күл», «Шалғайда», «Өмір-өзен», «Тарихтың ашылмаған беттері», «Бұрын және бүгін», «Әкеден ұл туса» және тағы да басқа тағылымы мен тәлімі мол туындылары барда, әке жолын ұлықтаған ұрпағы барда есімінің мәңгі жасайтыны да хақ. Бақ дарыған өлкеде туып-өсіп, елінің дамуы жолында аянбай еңбек еткен жазушының қазақ әдебиеті мен өнеріне, мәдениеті мен тарихына қосқан үлесі өте мол. «Таулар алыстаған сайын асқақтай береді» демекші, балқаштық қаламгер Бек Тоғысбаевтың есімі халқымыздың тарих тұғырнамасында алтын әріптермен жазылды.
Алтынай СЕЙІТКЕН
Балқаш ауданы

