Перейти к содержимому
Главная страница » Цифрлық қауіпсіздік — заман талабы

Цифрлық қауіпсіздік — заман талабы

Бүгінде интернет пен цифрлық технологиялар күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Мемлекеттік қызметтерді алу, банк операцияларын жүргізу, онлайн сауда жасау және әлеуметтік желілерді пайдалану тұрғындардың уақытын үнемдеп, көптеген мүмкіндіктерге жол ашуда. Алайда цифрлық технологиялардың кеңінен қолданылуы интернет-алаяқтықтың жаңа түрлерінің көбеюіне де әсер етуде. Сондықтан азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру және киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі.

Осыған байланысты Балқаш ауданында тұрғындардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Кездесулер барысында азаматтарға интернет-алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдері түсіндіріліп, жеке деректерді қорғаудың маңыздылығы жан-жақты айтылуда. Әсіресе, банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе байланыс операторларының атынан хабарласып, жеке мәліметтер мен банк картасының деректерін сұрайтын адамдарға сенбеу қажеттігі ескертіледі.

Мамандар тұрғындарға белгісіз сілтемелерге өтпеуге, күмәнді қосымшаларды жүктемеуге, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы келген күмәнді хабарламаларға жауап бермеуге кеңес береді. Сонымен қатар банк қосымшаларындағы барлық операцияларды мұқият тексеріп, бір реттік SMS-кодтарды, құпия сөздерді және CVV-кодтарды ешкімге жарияламау қажеттігі түсіндіріледі. Қос факторлы аутентификацияны пайдалану және күрделі құпия сөздерді қолдану да жеке аккаунттардың қауіпсіздігін арттыратын тиімді шаралардың бірі болып табылады.

Қазіргі уақытта алаяқтар жалған инвестициялық жобалар, арзан тауарлар туралы хабарландырулар, түрлі ұтыс ойындары мен жалған қайырымдылық акциялары арқылы да азаматтарды алдап, қаржысын иемденуге әрекет етуде. Сондықтан әлеуметтік желілер мен интернет ресурстарында таралатын кез келген ақпаратқа сын көзбен қарап, оның шынайылығын ресми дереккөздер арқылы тексеру маңызды.

Цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – тек құқық қорғау органдарының немесе мемлекеттік мекемелердің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Интернет кеңістігінде қарапайым сақтық шараларын сақтау, жеке мәліметтердің құпиялығына жауапкершілікпен қарау және цифрлық сауаттылықты үнемі жетілдіру арқылы интернет-алаяқтардың әрекетіне тиімді тосқауыл қоюға болады. Қауіпсіз цифрлық орта – қоғамның тұрақтылығы мен әрбір азаматтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды құндылық.

Алтынай СЕЙІТКЕН