Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы адамдардың өмірін жеңілдеткенімен, интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстарының көбеюіне де әсер етуде. Бүгінде алаяқтар өзін банк қызметкері, құқық қорғау органы өкілі немесе байланыс операторы ретінде таныстырып, азаматтардың жеке деректері мен банк шоттарындағы қаражатты заңсыз иемденуге әрекет етеді.
Көп жағдайда олар телефон арқылы хабарласып, құпия кодты, банк картасының деректерін немесе SMS арқылы келген растау нөмірін сұрайды. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде жалған инвестициялық жобалар мен тез табыс табуға уәде беретін қаржылық пирамидалар жиі кездеседі. Мұндай ұйымдар бастапқыда жоғары пайда көрсеткенімен, кейін азаматтардың қаражатын иемденіп, қызметін тоқтатады.
Осындай жағдайлардың алдын алу үшін ешқашан жеке мәліметтеріңізді бөгде адамдарға бермеңіз. Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, белгісіз қосымшаларды жүктемеңіз және ақша аудармас бұрын ақпараттың дұрыстығына көз жеткізіңіз. Егер сізге белгісіз нөмірден күмәнді қоңырау түссе, әңгімені тоқтатып, ресми ұйымға өзіңіз хабарласқан жөн.
Егер интернет-алаяқтықтың құрбаны болсаңыз немесе қаржылық пирамида белгілерін байқасаңыз, дереу құқық қорғау органдарына хабарлаңыз. Құқық бұзушылық туралы уақытылы мәлімет беру өзге азаматтардың да зардап шегуінің алдын алады.
Цифрлық қауіпсіздік – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Әр азамат сақтық шараларын ұстанып, қаржылық сауаттылығын арттырса, интернет кеңістігіндегі қауіптердің алдын алуға болады.

