Перейти к содержимому
Главная страница » Ғылым мен өндіріс ұштасса…

Ғылым мен өндіріс ұштасса…

Қарасай ауданы Первомай ауылдық округіне қарасты Қайнар ауылында орналас­қан «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС «Қайнар» өңірлік филиалында «Қазақстан Республикасында картоп, жеміс, көкөніс және бақша дақылдары шаруашылығын ғылыми қамта­масыз ету: үрдістер, иннова­циялар, жетістіктер, перспек­тивалар» тақырыбында халық­аралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Іс-шара екі маңызды кезеңге арналды. Оның бірі филиалдың құрылғанына 80 жыл толуы болса, екіншісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының академигі, көрнекті ғалым Сайлау Бабаевтың туғанына 85 жыл толуына орайластырылды.
Конференция аясында Қазақстан мен Кореяның бірлескен инновациялық жобасының ресми бастау алуы да маңызды оқиға болды. Жоба сауық­тырылған шағын түйнектер негізінде түпнұсқалық және элиталық тұқымдық картопты өнеркәсіптік көлемде өндіруге бағытталған.
Конференцияға Қазақстаннан, Корея Республикасынан, Ресей Федерациясынан, Беларусьтен, Өзбекстан­нан және Тәжікстаннан келген жетекші ғалымдар, ғылыми ­зерттеу институттарының, жоғары оқу орындарының, салалық ұйымдардың, сондай-ақ бизнес қауымдастықтары­ның өкілдері қатысты.
Алдымен қонақтар аталған инсти­туттың «Қайнар» филиалының ғылыми инфра­құрылымымен танысты. Олар академик С.Бабаев атындағы биотехнология орталығын, селекциялық жылыжайды, ғылыми зертханаларды, тәжірибелік алқаптарды аралап, инсти­туттың ғылыми жетістіктер көрмесін тамашалады. Биотехнология орталығында қатысушыларға картоптың бастапқы селекциялық материалын вирустық аурулардан сауықтыруға, өсімдіктерді In vitro жағдайында микроклондық көбейтуге, регенерант өсімдіктерді жаппай көбейтуге, сондай-ақ отандық селекциядағы картоп сорттарының бастапқы тұқым шаруашылығы жүйесінің негізін құрайтын шағын түйнектерді өндіруге арналған заманауи биотехнологиялық әзірлемелер ұсынылды. Сонымен қатар конференция қатысушылары жоғары сапалы вируссыз отырғызу материалын алу технологияларын көрді. Бұл технологиялар перспективалы сорттарды жедел көбейтуге және картоп тұқым шаруашылығы жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Конференцияның басты оқиға­ларының бірі «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС мен Кореяның Vitrosys Incorporation компаниясының бірлескен инновациялық жобасының ресми басталуы болды. Жоба сауық­тырылған шағын түйнектер негізінде түпнұсқалық және элиталық тұқымдық картопты өнеркәсіптік көлемде өндіруге бағытталған.
Конференцияның жұмысы ары қарай пленарлық отырыспен жалғасты. Қатысушыларға құттықтау сөз айтқан «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС басқарма төрағасы, ҚР ҰҒА академигі Теміржан Айтбаев «Қайнар» өңірлік филиалының ғылыми қызметінің негізгі бағыттарына тоқталды.
Оның айтуынша, филиалдың ғылыми зерттеу жұмыстарының бағыттары сан алуан. Қазіргі уақытта филиалда 60-тан астам ғалым еңбек етеді. Олардың қатарында екі ғылым докторы, алты ғылым кандидаты, сегіз PhD және ауыл шаруашылығы саласы бойынша он екі магистр бар. Мұнда бірегей әрі бай генетикалық қор қалыптасқан. Ол әлемнің 100 елінен жиналған көкөніс дақылдарының 157 түріне жататын шамамен 12 500 үлгіні, сондай-ақ 40 елден әкелінген әлемдік картоп коллекциясының 700 үлгісін қамтиды. Селекциялық жұмыстардың нәтижесінде қазіргі таңда қазақстандық картоп, көкөніс және бақша дақылдарының 30 түрі бойынша 210-нан астам сорты өндіріске пайдалануға ұсынылған.
Орайы келгенде «Қайнар» филиалы картоптың, көкөніс және бақша дақылдарының түпнұсқалық және элиталық тұқымдарын өндіруші маңызды мәртебеге ие екенін айта кету керек. Мұнда жыл сайын 500-600 тоннаға дейін тұқымдық картоп және жоғары репродукциялы көкөніс-бақша дақыл­дарының 2000-2500 килограмм тұқымы өндіріледі. Бұл тұқымдармен тұқым шаруашылықтары, тауар өндіруші шаруашылықтар және әуесқой көкөніс өсірушілер қамтамасыз етіледі.
Биыл туғанына 85 жыл толып отырған Сайлау Бабаев туралы айтқан баяндамашы оның еңбек жолы 1967 жылы «Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институтында» кіші ғылыми қызметкер ретінде басталғанын атап өтті. 1974 жылы кандидаттық, ал 1994 жылы докторлық диссертациясын қорғаған. Әр жылдары картоп тұқым шаруашылығы және өсіру технологиясы бөлімін басқарған ол 1988-2003 жылдар аралығында институт ұжымына жетекшілік етті.
Оның басшылығымен картопты сақтау және қайта өңдеу бағытында ғылыми зерттеулер жүргізіліп, осы дақылдың 40-тан астам жаңа сорты шығарылды. Сонымен қатар оның бастамасымен вирустардан таза негіздегі картоп тұқым шаруашылығының қысқартылған жүйесі әзірленді. Тікелей қатысуының нәтижесінде елімізде картоптың сауықтырылған бастапқы материалын өндіретін 11 биотехнологиялық зертхана құрылды.
Пленарлық отырыста құрметті қонақтар да сөз сөйледі. Олардың қатарында «Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Максим Сутула, Қазақстан Республикасы Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясы­ның президенті Тілектес Есболов, Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркінбек Дәуітқұлов, Қазақстан картоп және көкөніс өсірушілер одағының төрағасы Байжан Уалханов, Ташкент мемлекеттік аграрлық университетінің профессоры Мақсут Әділов болды. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешен үшін өзекті бағыттар бойынша мазмұнды баяндамалар ұсынылды. Баяндамашылар қатарында «Vitrosys» компаниясының президенті Suhg Ho Son, А.Лорх атындағы «Федералдық картоп зерттеу орталығының» селекция зертханасының меңгерушісі Алексей Митюшкин, «Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС бас директоры Амангелді Саданов, «Щелково Агрохим-KZ» ЖШС тіркеу және демонстрациялық сынақтар бөлімінің басшысы Светлана Яцюк, Өзбекстан Республикасы «Көкөніс-бақша дақыл­дары және картоп ғылыми-зерттеу институтының» профессоры Ранохон Мавлянова, Беларусь «ҰҒА-ның Картоп және жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-практикалық орталығының» жеміс дақылдары селекциясы бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Олег Якимович, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басқарма төрағасы, профессор, кадемик Шолпан Бастаубаева болды.
Спикерлер селекция мен тұқым шаруа­шы­лы­ғының заманауи жетістіктері, биотех­нологияларды дамыту, өсімдіктердің генетикалық ресурс­тарын сақтау, фитопатология мәселелері, ауыл шаруашылығын климаттың өзгеруіне бейімдеу, сондай-ақ халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың келешегі жөніндегі өзекті тақырыптарды қозғады. Конференция барысында инновация­лық технологияларды өндіріске енгізу, ғылыми кооперацияны дамыту және аграрлық ғылым саласындағы халықаралық әріптестікті нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Осыдан кейін конференция жұмы­сы екі секция бойынша жалғас­ты. Бірінші секция «Картоп селек­циясы, тұқым шаруашылығы және биотехнологиясының заманауи жетістіктері мен даму перспективалары» тақырыбына арналды. Ал екінші секцияның қатысушылары жеміс-көкөніс және бақша дақылдарының селекциясы мен генетикасы мәселелерін талқылады.
Осылайша «Қайнар» филиалының базасында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ғылыми қауымдастық үшін маңызды оқиғаға айналып, картоп, көкөніс және бақша шаруашылығын дамытудағы жетекші рөлін тағы бір мәрте айқындады.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы