Қазіргі таңда интернеттің қарқынды дамуына байланысты алаяқтықтың жаңа түрлері де көбейіп келеді. Интернет-алаяқтар азаматтардың жеке деректерін заңсыз иемденіп, банк карталарындағы қаражатты ұрлау немесе жалған инвестициялық жобалар мен қаржылық пирамидалар арқылы адамдарды алдау әрекеттерін жиі қолдануда.
Интернет-алаяқтар көбіне өзін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе мемлекеттік ұйымның өкілі ретінде таныстырып, азаматтарға қоңырау шалады немесе хабарлама жібереді. Олар түрлі сылтаулармен банк картасының нөмірін, CVV-кодын, SMS арқылы келген растау кодтарын немесе мобильді банкингке кіру деректерін сұрайды. Мұндай ақпаратты ешбір жағдайда бөгде адамға беруге болмайды. Банк қызметкерлері ешқашан телефон арқылы құпия деректерді талап етпейтінін есте ұстаңыз.
Сондай-ақ соңғы уақытта жоғары табысқа кепілдік беретін инвестициялық жобалар мен қаржылық пирамидалар көбейіп отыр. Қысқа мерзімде мол пайда табуды уәде ететін ұйымдарға, әлеуметтік желілердегі күмәнді жарнамаларға және лицензиясы жоқ компанияларға сенім артпаған жөн. Қаржылық пирамидаға салынған қаражаттың қайтарылмау қаупі өте жоғары.
Өзіңізді және жақындарыңызды интернет-алаяқтардан қорғау үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлері төмендегі қарапайым қауіпсіздік ережелерін есте сақтау керектігін ескертеді:
- жеке және банк деректерін үшінші тұлғаларға жарияламаңыз;
- күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және белгісіз қосымшаларды жүктемеңіз;
- онлайн төлемдер кезінде тек сенімді және қорғалған сайттарды пайдаланыңыз;
- инвестиция салмас бұрын ұйымның заңды қызметін және лицензиясының бар-жоғын мұқият тексеріңіз;
- күрделі құпиясөздерді пайдаланып, екі факторлы аутентификацияны қосыңыз.
Егер сіз алаяқтардың құрбаны болғаныңызды немесе күмәнді әрекеттерді байқасаңыз, дереу банкке хабарласып, банк картасын бұғаттаңыз және құқық қорғау органдарына жүгініңіз.
Әр азаматтың сақтығы мен қаржылық сауаттылығы – интернет-алаяқтық пен қаржылық пирамидалардың алдын алудың ең тиімді жолы. Қырағылық танытып, өзіңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігін қорғаңыз!
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

