Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы адамдардың өмірін жеңілдеткенімен, интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстарының көбеюіне де жол ашты. Бүгінде алаяқтар азаматтардың жеке деректерін иемденіп, жалған хабарламалар, фишингтік сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы түрлі айла-шарғыға барып, қаржылық шығын келтіруде.
Интернет алаяқтары өзін банк қызметкері, құқық қорғау органының өкілі немесе белгілі бір ұйымның маманы ретінде таныстырып, азаматтарды алдап соғуға тырысады. Олар құпия кодтарды, банк картасының деректерін немесе жеке мәліметтерді сұрап, сенімге кірудің түрлі тәсілдерін қолданады. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде жалған инвестициялық жобалар, оңай табыс табуды ұсынатын жарнамалар мен интернет-дүкендер арқылы да алаяқтық әрекеттер жиі кездеседі.
Мамандар мұндай қылмыстардың құрбаны болмау үшін жеке деректерді бөгде адамдарға бермеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, белгісіз қосымшаларды жүктемеуге және онлайн төлемдерді тек сенімді платформалар арқылы жүргізуге кеңес береді. Сондай-ақ банк қызметкерлері ешқашан телефон арқылы карта нөмірін, CVV кодын немесе SMS арқылы келген растау кодтарын сұрамайтынын есте ұстаған жөн.
Интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік әр азаматтың жауапкершілігін талап етеді. Цифрлық сауаттылықты арттыру, сақтық шараларын сақтау және күмәнді әрекеттерге бейжай қарамау – интернет алаяқтарының құрбаны болудың алдын алудың ең тиімді жолы.
Қазіргі таңда құқық қорғау органдары интернет алаяқтықпен күрес бағытында профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, азаматтарды ақпараттандыруға ерекше назар аударуда. Дегенмен киберкеңістіктегі қауіп-қатердің алдын алу үшін әрбір азамат қырағылық танытып, өз қаржылық және жеке мәліметтерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі қажет.


