Алматы облысы Ұйғыр ауданы прокуратурасының үйлестіруімен Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері және аудандық полиция бөлімі бірлесіп заңсыз аңшылықтың алдын алу және табиғатты қорғау мақсатында ауқымды рейдтік іс-шара өткізді. Рейдтің басты мақсаты – сирек кездесетін жануарларды қорғау, табиғат қорғау заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және экологиялық құқық бұзушылықтардың жолын кесу болды.
Іс-шара барысында аудан аумағы ұшқышсыз ұшу аппараттарының (дрондардың) көмегімен әуеден бақыланып, арнайы жол талғамайтын көліктер арқылы патрульдеу жұмыстары ұйымдастырылды. Заманауи техниканы пайдалану нәтижесінде табиғат қорғау аумақтарындағы жағдайға тұрақты бақылау жүргізіліп, құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге мүмкіндік туды.
Рейд кезінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген қарақұйрықты заңсыз атып алған екі азамат анықталды. Құқық бұзушылар оқиға орнынан бой тасалауға әрекеттенгенімен, құқық қорғау органдарының жедел әрі үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде олар ұсталды.
Тексеру барысында заңсыз ауланған қарақұйрықтың еті, аңшылық қаруы, оқ-дәрілер және қылмыс жасау кезінде пайдаланылған өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. Сонымен қатар, жедел-іздестіру және тергеу іс-шараларының нәтижесінде заңсыз аңшылық жасалған орын анықталып, қылмыстың жасалуына қатысты барлық мән-жайлар толық зерделенді.
Жиналған дәлелдемелер негізінде қылмыстық іс сотқа жолданып, кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабы («Заңсыз аңшылық») бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Қарақұйрық – Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сирек кездесетін және ерекше қорғауға алынған жануарлардың бірі. Оларды заңсыз аулау биологиялық әртүрлілікке зор зиян келтіріп, табиғи тепе-теңдіктің бұзылуына әкелуі мүмкін. Сондықтан мұндай құқық бұзушылықтарға заңнамаға сәйкес қатаң жауапкершілік көзделген.
Табиғатты қорғау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Сирек кездесетін жануарларды сақтау, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау және табиғат қорғау заңнамасын қатаң сақтау – келер ұрпаққа бай табиғи мұраны аман жеткізудің маңызды кепілі. Осы бағыттағы бірлескен рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
ҰЙҒЫР АУДАНЫ


