2026 жылдың 17–19 шілде аралығында Ұйғыр ауданында «Қауіпсіз үй» атты профилактикалық іс-шара өтуде. Шараның басты мақсаты – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқық бұзушылықтарды болдырмау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.Осы күндері аудандық полиция қызметкерлері аудан тұрғындарымен кездесіп, заң талаптары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда, профилактикалық есепте тұрған отбасыларға барып, құқықтық кеңес беріп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында қажетті шараларды да қабылдауда. Үш күн бойы полиция қызметкерлері аудан аумағындағы есепте тұрған отбасыларды аралап, әр шаңырақтың астында еш қауіптің жоқтығына көз жеткізбек. Әрине, мұндай профилактикадық шара тек осы үш күн аясында ғана емес, ары қарай да өз жалғасын табары сөзсіз.Отбасындағы тыныштық пен өзара сыйластық – берік қоғамның негізі. Сондықтан әр азамат заң талаптарын сақтап, өз құқықтары мен міндеттерін білуі маңызды.Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың немесе басқа да құқық бұзушылықтың куәсі немесе жәбірленуші болсаңыз, уақыт оздырмай 102 немесе 111 нөміріне хабарласыңыз. Сіздің дер кезінде берген ақпаратыңыз құқық бұзушылықтың алдын алып, адамның өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектесуі мүмкін.Қауіпсіз үй – бақытты отбасының кепілі. Ал әр отбасының қауіпсіздігі – қоғамның тұрақтылығы мен берекесінің негізі.
Саера Акрамова,
Ұйғыр аудандық полиция бөлімінің инспекторы, полиция капитаны


