Перейти к содержимому
Главная страница » Қос ауылдың  қуанышы

Қос ауылдың  қуанышы

Жамбыл ауданының Қарасай батыр ауылында жаңа медициналық қосын пайдалануға берілді. Қазіргі талапқа сай салынған медициналық нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтерді.

         Ашылу салтанатына Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов қатысып, шағын ауыл тұрғындарын қуанышты оқиғамен құттықтады. Бұл ауылдың 324  тұрғыны бар. Соған қарамастан мемлекет қомақты қаржы бөліп, керекті құралдармен жабдықталған заманауи  медицина орнымен қамтамасыз етіп отыр. Жобаның жалпы құны – 123,8 млн теңге. Қосын күніне 10 адамға дейін қабылдай алады. Ал Ақтерек ауылында дәрігерлік амбулатория ғимараты пайдалануға берілді. Оның ашылу салтанатына облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Жүнісова, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ықылас Амалбек, аудандық орталық аурухана директоры Дархан Сыбанбаев, Ақтерек ауылдық округінің әкімі Ғани Шортанбаев қатысып, жұртшылықты жаңа нысанның ел игілігіне ұсынылуымен құттықтады.

Ақтерек ауылында 4 мыңнан астам адам тұрады. Бұған дейін ақ халаттылар талапқа сай емес ескі ғимаратта қызмет етіп келген еді. Енді, міне, қажетті құрал-жабдықтары бар, кең де жайлы заманауи медициналық орында жұмыс істеуге көшті. Оған қоса жаңа денсаулық сақтау орны елдімекеннің дәл ортасынан бой көтерді. Бұл да келушілерге қолайлы. Көптен күткен игілікке қол жеткеніне бүкіл ауыл қуанды. Оны салтанатты сәтте осындағы шаруа қожалығының басшысы, белгілі кәсіпкер,  облыстың Құрметті азаматы Темірлан Шайнүсіпов жеткізді. Игі іске ауыл қариясы Жұмабек Нұров бата беріп, лента қию рәсімі жасалды, әжелер шашу шашты.

Құрметті қонақтар нысан ішін аралап көріп, алғашқы медициналық көмек көрсетуге барынша жағдай жасалғанына көз жеткізді. Онымен амбулатория меңгерушісі Рима Сәдуақасова таныстырды. Мұнда күніне 25 адамға дейін қабылдауға мүмкіндік бар. Дәрігер, 2 фельдшер және 5 медбике жұмыс істейді. Қажетті қызметтік бөлмелер, оның ішінде ЛПК, физиоемдеу, күндізгі ем қабылдау, ем-шара, екпе егу, акушер-гинеколог, жүкті әйелдерді қабылдау кабинеттері орналасқан. Сараптама алуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар мұнда ерекше балаларға арналған емдік дене шынықтыру кабинеті де қарастырылған. Онда қазір 5 ерекше бала ем қабылдайды. Ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысан Ақтерекпен қоса 12 шақырым жердегі Арқарлы ауылының тұрғындарына да қызмет көрсетеді.

Кейінгі бір жылдың көлемінде Жамбыл ауданында денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыс жүргізілді. Мәселен, облыс бойынша 38  медициналық нысан салынды, оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория, 12 ФАП және 11 медициналық қосын бар. Сол 38 нысанның 16-сы Жамбыл ауданында бой көтерді. Барлығы бірдей үлгіде жобаланған  медициналық нысанның басым көпшілігі шалғайдағы елдімекендерде салынды. Бұл – ауыл халқын мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы