Перейти к содержимому
Главная страница » Көшесі бар көрікті

Көшесі бар көрікті

Қазақ халқы ежелден-ақ «Тазалық – саулық негізі» деп тазалықты басты орынға қойса, «Ауылына қарап, азаматын таны» деп ауылдың жайына қарап, ондағы азаматтарына баға берген. Бұл – бұзылмаған қағида. Бұл тұрғыдан келгенде Қарадаланың қойнауында, Үйсін тауының етегінде еркелей еркін жатқан Қырғызсай ауылын ерекше атауға болады. Тау бөктеріндегі тамаша табиғатына ауылдағы тазалық пен тартымдылық үйлесіп-ақ тұрады.

Туған жердің көркеюі мен ауылдың ажарлануы – тек мемлекеттік бағдарламалардың ғана емес, сол жерде өмір сүріп жатқан әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігіне байланысты. Бүгінде ел Президенті бастамашы болған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы осы игі дәстүрді жаңғыртып жатыр. Бұл бастама Ұйғыр ауданында да кеңінен қолдау тауып келеді. Әсіресе Қырғызсай ауылындағы Абубакир Исламов көшесінің тұрғындары тазалықты күнделікті өмір салтына айналдырып, өзгелерге үлгі болып отыр. Ауылға аяқ басқан әрбір жан ең алдымен осы көшенің мұнтаздай тазалығына, ақталған ағаштары мен жинақы келбетіне сүйсінбей өте алмайды.
Абубакир Исламов көшесінің тазалығы бір күннің немесе бір аптаның еңбегі емес. Бұл – жылдар бойы қалыптасқан ортақ мәдениеттің, тұрғындардың ұйымшылдығы мен туған жерге деген сүйіспеншілігінің айқын көрінісі. Мұнда әр отбасы өз ауласының ғана емес, бүкіл көшенің тазалығын өз жауапкершілігі деп біледі.
Таң сібірлеп атқаннан-ақ тұрғындар үйінің ауласын ғана емес, көшенің бойын да тазалап, сыпырып, ретке келтіруге кіріседі. Кімде-кім Абубакир Исламов көшесімен ертемен жүріп өтсе, қолына сыпырғыш алып, ауласының алдын жинап, ағаштардың түбін суарып, гүлдерін баптап жүрген ауыл адамдарын көреді. Көшенің тазалығы үшін ешкім арнайы тапсырма бермейді. Бұл – тұрғындардың күнделікті дағдысына, өмір салтына айналған игі іс.
Көп жылдан бері осы көшеде тұратын №12 үйдің тұрғыны Маратжан Мушрапилов ағамыздың айтуынша, тазалыққа деген құрмет ең алдымен отбасында қалыптасады. «Біз кішкентай кезімізден үлкендердің көшені сыпырып, ағаш отырғызып, айналаны күтіп жүргенін көріп өстік. Қазір сол тәрбиені балаларымызға беріп келеміз. Таңертең үйдің ауласын жинағаннан кейін көшенің бойын да тазалап шығу – біз үшін қалыпты жағдай. Өйткені көше – бәріміздің ортақ үйіміз. Өзіміз таза ұстамасақ, оны ешкім келіп тазалап бермейді. «Таза Қазақстан» бағдарламасы осы ойымызды одан әрі нығайтты. Біздің мақсатымыз – тек бүгін емес, әрдайым таза ауылда өмір сүру», – дейді ол.
Маратжан ағамыз көшенің үлкендері ғана емес, жастар мен балалар да тазалық жұмыстарына белсене қатысатынын мақтанышпен жеткізді. Ал Турган Хамраев көшенің бүгінгі келбеті тұрғындардың бірлігі мен өзара сыйластығының нәтижесі екенін айтады. «Бір адамның еңбегімен көше көркеймейді. Мұнда барлық көршілер бір-бірімен ақылдасып, бірге жұмыс істейді. Сондықтан көшеміз әрдайым таза әрі көрікті», – дейді ауыл азаматы. Оның айтуынша, тазалықты сақтау арқылы балаларға да тәрбие беріледі. Олар үлкендердің еңбегін көріп өседі және қоғамдық орындарды таза ұстаудың маңызын ерте жастан түсінеді.
Қырғызсай ауылдық округінің әкімі Жәнібек Айғожаев болса, Абубакир Исламов көшесінің тұрғындары ауылдағы басқа көшелерге де жақсы үлгі көрсетіп отырғанын атап өтті. «Мемлекет басшысы қолға алған «Таза Қазақстан» бағдарламасы – халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Бұл бағдарлама Қырғызсай ауылында да жақсы жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде Абубакир Исламов көшесінің тұрғындары ерекше белсенділік танытып отыр. Олар тазалықты күнделікті өмір салтына айналдырған. Бұл – ауыл тұрғындарының туған жерге деген сүйіспеншілігінің, жауапкершілігінің және ұйымшылдығының айқын көрінісі. Осындай азаматтардың арқасында ауылымыздың ажары артып келеді», – дейді ауыл әкімі.
«Таза Қазақстан» бағдарламасының басты мақсаты да – осындай жауапкершілікті әрбір азаматтың бойына сіңіру. Себебі таза ауыл – дені сау қоғамның, жоғары мәдениеттің және берекелі тіршіліктің кепілі. Қырғызсай ауылындағы Абубакир Исламов көшесінің тұрғындары осы қағиданы өз ісімен дәлелдеп келеді. Олар тазалықты бір күндік науқан емес, күнделікті дағдыға, ортақ құндылыққа айналдырған. Осындай өнегелі көшелер көбейген сайын ауылдарымыз көркейіп, қоршаған ортамыз таза, тұрғындардың тұрмыс сапасы арта түсері сөзсіз. Өйткені тазалық – тек айналаны емес, адамның жан дүниесін де көркейтетін асыл қасиет.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Ұйғыр ауданы