Перейти к содержимому
Главная страница » Құрылтай сайлауына дайындық жиыны өтті

Құрылтай сайлауына дайындық жиыны өтті

Кеген ауданы әкімдігінің мәжіліс залында 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына дайындық аясында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков, Кеген аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Атабай Әлішер Түлешұлы, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ринат Құрман, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және жастар қатысты.

 Кездесудің басты мақсаты — сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды кеңінен түсіндіру, сондай-ақ сайлауға қатысты құқықтар мен міндеттер бойынша жан-жақты ақпарат беру.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков ашып, жүргізіп отырды. Сондай-ақ, 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын ұйымдастыру және өткізу тәртібі егжей-тегжейлі айтылды.

Кездесу барысында Кеген аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әлішер Түлешұлы Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Конституциялық заңына және өзге де заңнамалық актілерге енгізілген жаңашылдықтарға тоқталып, олардың құқықтық негіздері мен практикалық қолданылуын түсіндірді.

Кеген ауданының «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің» басшысы Бибігүл Айтжанқызы Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйе­сін жаңғыртуға ерекше назар аударылып отырғандығын айтып, «Кедергісіз болашақ» мемлекеттік жобасын жүзеге асыру бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған сайлау учаскелеріндегі ақпараттық тақтайшалар, Брайль қарпімен жазылған трафареттер және кедергісіз кіреберіс пандустардың талапқа сай болуын тілге тиек етті.

Бұл шаралар ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өз құқықтарын еркін жүзеге асыруына бағытталғанын аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков баса айтып өтті.

Тиімділік көрсеткіштерін орындау бойынша әдістемелік ұсынымдар туралы аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ринат Құрман баяндап берді.

— Алдымызда еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі — 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы тұр. Осыған байланысты ауданда сайлауды жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізуге бағытталған дайындық жұмыстарды жүргізу қажет, — деген Ринат Құрман өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар, өңірлік танымал тұлғалардың селфи форматындағы бейнеүндеулері, өңірлік инфлюенсерлердің жарияланымдары, Threads әлеуметтік желісіндегі жарияланымдар, креативті бейнеролик, сыртқы көрнекі ақпарт құралдары, брендтеу, трафареттер, аудиоджинглдар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

— Сайлау науқанын ақпараттық сүйемелдеу бойынша барлық ауылдық округтер, мекемелер, ұйымдар, сондай-ақ спорт, мәдениет, денсаулық сақтау және білім беру салалары бекітілген бағыттар бойынша ақпараттық материалдарды тұрақты түрде әзірлеп, белгіленген мерзімде ұсынуы тиіс, — деген аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков жиынды қорытындылады.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ Кеген ауданы