Ежелгі грек философы Сократтың пайымынша, адамзаттағы ең қасиетті үш мамандық тікелей Жаратушыдан беріледі және соның бірі – дәрігер мамандығы. Дәрігер болғанда да, ғылым мен өнерді тоғыстырып, терең білімді, қол шеберлігін, көз қырағылығы мен жүректің мейірімін, асқан дәлдікті бір бойына жинайтын хирургтың, әсіресе, балалар хирургының жүгі тіпті ауыр. Себебі оның әр шешімі мен әр қимылы адам тағдырына тікелей әсер етеді. Балалар хирургиясында 33 жыл еңбек еткен тәжірибелі дәрігер, Алматы қалалық №2 балалар клиникалық ауруханасы директорының медицина бөлімі бойынша орынбасары, бүгінде мерейлі алпыс жастың асқарына көтеріліп отырған Марат Қаптағаевпен сұхбатымызда хирургия саласы туралы сыр шертіп, технология мен дәрігерлік тәжірибенің ара қатынасы және адам өміріне жауапты мамандықтың басты қағидалары жөнінде ой өрбіттік.
– Балалар хирургиясында еңбек етіп келе жатқаныңызға 33 жыл болды. Бұл аз уақыт емес. Осы уақыт ішінде саладағы ең үлкен өзгеріс қандай болды деп есептейсіз?
– Әрине, көз ілестірмес жылдамдықпен қарыштап дамып жатқан ақпараттық технологиялармен бірге медицина саласындағы технологиялар да күннен-күнге жаңарып, дәрігердің жұмысын әлдеқайда жеңілдетіп-ақ жатыр. 30 жыл бұрын көптеген диагностикалық аппарат бүгінгідей кең қолданыста болмады. Ал қазіргі медицинаны бұл аппараттарсыз елестете де алмайтын жағдайға жеттік. Дегенмен, тиынның екі беті болатындай, бұл жаңашылдық, бұл жаңалықтың да оң әсерімен қатар, кем тұсы жоқ емес. Олай дейтінім, мені алаңдататын мәселе – қазіргі жас дәрігерлердің біртіндеп аппараттарға тым тәуелді болып бара жатқаны. Бұрын ең алдымен науқастың шағымын тыңдап, қарап-тексеріп, аурудың белгілерін саралап, қажет жағдайда науқасты біраз уақыт бақылап, қорытынды шығаратынбыз. Ал диагностикалық аппараттар сол болжамды нақтылайтын құрал еді. Қазір кейде бұл реттілік өзгеріп кеткендей көрінеді. Жас дәрігерлердің бір бөлігі алдына келген науқасты өздері қарап үлгермей жатып, бірден аппаратқа жіберуге дайын тұрады. Меніңше, технология қанша дамыса да, ол дәрігердің клиникалық ойлау қабілетін алмастырмауы керек. Өйткені аппарат қанша жерден мықты болғанымен, ол тек ақпарат береді, науқастың жағдайын жан-жақты сараламайды. Аппараттан алған ақпаратты дұрыс талдап, науқастың нақты жағдайымен байланыстырып, қорытынды шығаратын – дәрігердің өзі. Сондықтан дәрігердің клиникалық ойлау, бағамдау қабілеті жоғалса, ол «дәрігер» деген атынан да айырылады. Ол бар болғаны аппараттың көрсеткішіне ғана қарайтын маманға айналады. Мықты дәрігер техниканың тілін жетік біліп қана қоймай, аурудың табиғатын терең түсініп, әр белгіні жіті саралай алуы керек. Мысалы, бас жарақатымен келген адамды бірден аппаратқа түсіріп, «бәрі таза» деп жібере салуға асықпаған жөн. Аппаратқа түсірген кезде бас таза болғанымен, тамшылап қан жиналып, ол ұюы мүмкін. Мұндай жағдайда жалғыз аппаратқа сену қауіпті. Әрине, жастарды кінәлай беруге болмас. Мұнда аға буынның, яғни біздің де кемшілігіміз бар. Тәжірибемізде көрген-білгенімізді айтып, оларға бағыт-бағдар бермесек, қалай талап қоя аламыз?!
Отыз жылда өзгерген дүниенің бірі – емдеу хаттамасының пайда болуы. Қазір емдеу хаттамасы деп дәрігерлерді бір қалыпқа салып қойды. Бұл әрекет дәрігерге сенімсіздікпен қарайтындай көңілге кірбің ұялатады. Ешбір дәрігер алдына келген науқасқа қиянат жасауды ойламайды. Ақ халат киген кез келгеніміз алдымызға келген жанды емдеп-жазып, аман-есен үйіне шығарып салуға бар күшімізді саламыз. Науқастың дертіне дауа таба алмау – бізге сын.
– Балалар хирургиясында кездесетін қандай аурулар азайды, ал қай дерт дендей түсті?
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «денсаулық» деген сөзге «Бұл – адамның тән саулығының, жан саулығының және әлеуметтік әл-ауқатының толық күйі» деген анықтама берген. Бұл өлшеммен қарар болсақ, өкінішке қарай, қазіргі қоғамда дені 100 пайыз сау адамды табу қиын. Тіпті өмірге жаңа келген көп нәрестеге де туабітті диагноз қойылып жатыр. Бұл жалпылама ахуал. Ал нақты ауруларға келсек, бұрын іріңді-қабыну аурулары көп болатын. Ол азайды. Қазір бездердің кеселдері көбейді. Оның себебі – бездердің жұмысы ағзадағы барлық тіршілік үдерістерімен тығыз байланысты. Олар гормондар бөліп, зат алмасуды, өсу мен дамуды, иммундық жүйенің жұмысын және ішкі ортаның тұрақтылығын реттейді. Ағзаға қоршаған ортадан түсетін зиянды заттар, токсиндер, сапасыз тағам, күйзеліс, ұйқының жеткіліксіздігі және экологиялық қолайсыздық бездердің қалыпты қызметіне кері әсерін тигізеді. Соның салдарынан түрлі аурулар да көбейеді.
Ал жалпы хирургияда маусымға қарай аурулардың да түрі мен саны өзгеріп отырады. Қыста аяқ сынады, жазда қол сынады, өрік піскенде іш ауруы көбейеді, көк шыққанда соқырішекпен түсетіндер артады. Сағат кешкі тоғыздан кейін қабылдау бөліміне келетіндер көбейеді. Неге десеңіз, жұмыстан кеш оралған ата-аналар күні бойы үйінде ауырып отырған балаларын алып келеді. Бір айта кетерлігі, бір ғана заң біздің жұмысымыздағы салмақты біраз азайтты. Балаларға мопед айдауға тыйым салынғаннан кейін травматология мен хирургия бөліміне күн сайын түрлі жарақатпен түсетін балалар саны бірнеше есе азайды.
– Ерте диагностиканың маңызы ерекше. Осы турасында айтсаңыз, ауруды асқындырып алмау үшін науқастарға қандай кеңес бересіз?
– Диагностикалық аппараттың түр-түрі шығып, түрлі скрининг бағдарламалары жүзеге асып жатқанымен, өкінішке қарай, ауруды әбден асқындырып келетін жайттар әлі күнге дейін көп кездеседі. Баланың денсаулығына дәрігермен қатар оның ата-анасы да тең жауапкершілік арқалауы қажет. Аурулардың алғашқы белгілерін айқын көре тұра, баласын медицина мекемелеріне апармай, өз бетінше емдейтін ата-ана аз емес. Интернеттегі елдің ақыл-кеңесі мен жасанды интеллект берген ақпаратқа сүйеніп, ем-шара жасау үлкен қауіп екенін түсіну керек. Өйткені әр адамның ағзасы, иммунитеті, жай-күйі әртүрлі болады. Біреуге көмектескен ем келесі адамға керісінше реакция беруі ғажап емес. Сондықтан кез келген науқасты дәрігер қарап, емін де дәрігер тағайындауы керек. Дер кезінде медициналық көмекке жүгінбей, ауруды асқындырып әкелгеніне қарамастан, мұнда айғай-шу шығарып, дәрігерлердің энергиясы мен уақытын алып жататын жандар бары қынжылтады.
– Қазіргі балалар хирургиясында қандай өзекті мәселені атар едіңіз?
– Біріншісі – оқу бағдарламасының ұзақтығы. Болон оқу жүйесімен толыққанды маман болу үшін хирургтар 10-12 жыл уақытын оқуға жұмсайды. Біз алты жыл оқып, 1 жыл интернатурадан кейін жұмысқа араласып кеттік. Өнер саласында «Асаналі Әшімовтің мектебі», «Бекен Римованың мектебін» тәмамдаған деп, еңбегі сіңген өнер майталмандарының жолын жалғайтын шәкірттері шығып жатады. Сол сияқты медицинада да белгілі академик, профессорлар жандарына шәкірт алып, өзіндік әдіс-тәсілдерін жастарға үйретсе, теориямен шектеліп, жоғары оқу орнының қабырғасында уақытын өткізбей, жастар практикада көбірек шыңдалар еді деген ойым бар.
Екіншісі – дәрігерлердің тапшылығы. Жастар оқуын тәмамдаған соң ақшасы көп жерге – жеке меншік клиникаларға кетеді. Ол жақта жай жолдама жазып бергені үшін әр науқастан ақы алып қана отырады, нағыз хирургияны көрмейді, тиісінше, тәжірибесі де болмайды. Осылай көп жас дәрігердің дипломы бар диспетчер болып жүр.
Үшіншісі – тек балалар хирургиясында ғана емес, жалпы, медицинада ғылым кенжелеп қалды. Бұрын ғылымға көп көңіл бөлінетін. Білікті дәрігерлер тәжірибесін, тиімді әдіс-тәсілдерін, зерттеулері мен түйгенін жастарға жазып қалдырушы еді. Қазір ғылыммен айналысу үшін ағылшын тіліне судай болуың керек дейді. Бұрын көресінді орыс тілінен көріп едік, енді ағылшын тілі алдымыздан кесе-көлденең шықты.
– Балалар хирургиясында лапароскопия, торакоскопия, эндоскопия сынды аз инвазивті әдістердің қолданылуы қаншалықты кеңейді? Бұл әдіс болашақта ашық оталардың орнын толық алмастыра ала ма?
– Жылдан-жылға небір әдіс-тәсілдің түрі шығып жатыр. Дегенмен жақсы жағымен қатар, олардың кемшін тұстары да бар. Бұл тағы да дәрігерлердің кәсібилігін тежеп жатқан секілді көрінеді. Олай дейтінім, аз инвазивті тәсіл деп диагностикалық лапароскопиямен бір тілік жасап-ақ, монитордан қарап, не болғанын біле салады. Баспен ойланудың қажеті жоқ. Енді сол аппаратқа әбден сеніп алған дәрігерлер ертең ол темір бұзылып қалса, алдындағы науқасқа қалай көмек көрсетеді? Анатомияны, жаңағы тілетін тері қабаттарынан бейхабар. Сондықтан шәкірттеріме алдымен ашық ота жасауды үйрену керектігін айтып отырамын. Әрине, аз инвазивті оталардан кейін науқас жылдам қалпына келетіні, басқа да оң тұстары жоқ емес.
– Балалар хирургы болғысы келетін жас маманға ең алдымен не керек? Қандай ақыл-кеңес айтасыз?
– Балалар дәрігері болу үшін ең алдымен білім керек. Әсіресе, хирург дәрігер үшін бұл он есе маңызды. Мен әрдайым шәкірттеріме «Біздің қолымызда суық қару бар, бірақ ол – науқасты емдеп-жазатын біздің сиқырлы құралымыз» дегенді жиі айтып отырамын. Пышақтан жарақат алып келген адамның жарақатын қолымыздағы пышақтың көмегімен жазамыз. Егер пышақты дұрыс қолдана алмай, бір тілікті қате тілсек, ол адамның өміріне де, тағдырына да қауіп төндіреміз. Хирург болу үшін біліммен қатар мықты мінез, жылдам шешім қабылдау қабілеті де керек. Сондай-ақ қырағы көз керек. Көз дұрыс көрмесе, ота кезінде кейбір дүние байқалмай қалуы ғажап емес. Хирург болу үшін шебер қол керек. Өйткені көздің қиығындай кішкентай тілік арқылы ішкі ағзаға отаны саусақтың ұшымен ғана жасайтын кездер көп. Әсіресе, балалар хирургиясы болған соң бүкіл денесі біздің бір жұдырығымыздай ғана болатын сәбилерге ота жасау үшін қол шеберлігі қатты талап етіледі.
– Тәжірибеңізде ерекше есте қалған науқас болған шығар?
– 2011 жылы қазан айында өңеш атрезиясымен түскен нәрестеге алғаш рет торокоскопиялық әдіспен ота жасадым. Ота 4 жарым сағатқа созылды. Шыққан соң «Алла бар болса, мына бала аман қалады» деп айтқаным есімде. Бала аман қалды және № 1 Алматы қалалық клиникалық балалар ауруханасында 2018 жылға дейін жұмыс істеген уақытымның соңғы 7 жылында осынау туабітті дертпен 35 сәбиге ота жасап, оның 27-сінің өмірін сақтап қалуыма жол ашып берді. Егер алғаш жасаған отам сәтті шықпаса, мүмкін қолым байланып, келесісін алмас па едім. Жалпы, өңеш атрезиясына алғаш торокоскопиялық әдіспен отаны елімізде Мәскеуден келген Ольга Мокрушина деген профессор жасап көрсетті. Осыдан кейін аталған диагнозбен Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасына бір нәресте түсті. Сол жерде шәкіртім Ерлан Меңдіғалиев Қазақстанда алғаш болып ота жасап, нәрестені аман алып қалған еді.
– Ізіңізден ерген шәкірттеріңіз көп пе?
– № 1 Алматы қалалық клиникалық балалар ауруханасында 18 жыл жұмыс істеп, қатардағы дәрігерден бастап бас дәрігердің орынбасарына дейін көтеріліп, еңбек етіп едім, сонда жүріп өткен жолымды басынан бастап, 8 жылда осында қайта өттім. Бірге жүрген жолдастарым күресінге лақтырып, 2018 жылы бір жылдай жұмыссыз қалдым. 25 жыл күн-түн демей, кішкентай науқастарды қарап, ота жасаумен ғана айналысқан мен үшін медицинадан алшақтап қалу жаныма өте ауыр тиді. Тіпті медицинадан біржола кетуге шешім қабылдадым. Солай жүргенде бір күні № 2 Алматы қалалық клиникалық балалар ауруханасының жанынан өтіп бара жатып, сондағы бас дәрігер, профессор Ермек Аязбековке амандаса шығайын деп кірдім. Ермек Әбуұлы мені құшақ жая қарсы алды. Ол кісінің ағалық жанашырлығына тәнті болып, көзіме жас келді. Мені сол сәтте жұмысқа алды. Мен ол жерге жұмыс іздеп бармап едім. Өйткені ол кезде мұнда хирургия бөлімі болмаған. Көп ұзамай, республикаға танылған мықты нейрохирург Марат Рабандияров ауруханаға бас дәрігер болып келді. 2019 жылы мұнда хирургия бөлімі ашылып, кешегі күнге дейін бөлім меңгерушісі болдым. Өз тәжірибемді, көрген-білгенімді үйретсем, мектебімді қалыптастырсам деп жаныма жастарды көп жинадым. «Балалар хирургиясының атасы» атанған академик, профессор Камал Ормантаев, Сұлтанбек Ешмұхамбетов, Әбубәкір Ерекешев, Қасен Қожаханов, Әбдісабыр Үмешев, Қапан Тұрсынов сынды мықты-мықты мамандардың тәрбиесін көріп, кезінде өзіме ұстаз тұттым. Сол кісілер берген білімді жанымдағы жастарға да үйретуге барымды салып келемін. Резиденттерім күнұзақ жанымда жүреді. Бүгінде шәкірттерім талай баланың өміріне араша түсіп, өз міндетін адал атқарып келе жатқанына қуанамын. Зейнет жасына шығуыма санаулы-ақ уақыт қалды. Сол уақыт ішінде мұндағы хирургия орталығының барынша кеңеюіне қолымнан келгенше еңбегімді сіңіргім келеді. Қазір аурухананың тең жартысы хирургия бөлімі деуге болады. Травматология-ортопедия, нейрохирургия, көп салалы балалар хирургиясы бөлімдері жұмыс істеп жатыр. Бүгінде біздегі хирургия, нейрохирургия бөлімдерінде тек республикамыздан ғана емес, жақын шетелдерден де келіп, ота жасататын науқастар көп. Бұл біздің дәрігерлердің, біздің ұжымның біліктілігін көрсетеді.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Құралай МҰРАТҚЫЗЫ


