Жеке және заңды тұлғалардың мүлкін қорғау – құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі. Меншікке қол сұғу, ұрлық, алаяқтық, бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру сияқты құқық бұзушылықтар азаматтарға ғана емес, қоғамның тұрақтылығына да кері әсерін тигізеді.
Мүлікті қорғау ең алдымен әр адамның өз жауапкершілігінен басталады. Тұрғын үйден шыққанда есік-терезелердің мықтап жабылғанына көз жеткізу, бағалы заттарды қараусыз қалдырмау, көлік құралдарын күзетілетін орындарға қою және қауіпсіздік жүйелерін пайдалану құқық бұзушылықтың алдын алуға ықпал етеді.
Қазіргі таңда бейнебақылау камералары, дабыл жүйелері мен цифрлық қауіпсіздік құралдары қылмыстың алдын алуда тиімді нәтижесін көрсетіп келеді. Сонымен қатар көршілер арасындағы өзара бақылау мен сергектік те күдікті әрекеттерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Егер азамат мүлкіне қатысты құқық бұзушылыққа тап болса немесе күдікті жағдайды байқаса, уақыт оздырмай полицияға хабарлауы қажет. Қылмысты дер кезінде тіркеу мен жедел әрекет ету құқық бұзушыларды анықтауға және келтірілген шығынды өтеуге мүмкіндік береді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында меншікті қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Заң талаптарын сақтау, сақтық шараларын күшейту және құқық қорғау органдарымен ынтымақтастық орнату арқылы ғана азаматтар өз мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады.
Меншікке құрмет – құқықтық мәдениеттің маңызды көрсеткіші. Сондықтан өз мүлкімізді қорғаумен қатар, өзгенің де мүлкіне құрметпен қарау әрбір азаматтың парызы.

