Азаматтардың жеке мүлкін қорғау және меншікке қарсы қылмыстардың алдын алу – құқық қорғау органдары қызметінің басым бағыттарының бірі. Ұрлық, алаяқтық, тонау және өзге де меншікке қол сұғатын құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін тұрғындардың қырағылығы мен сақтық шараларын сақтауы аса маңызды.
Құқық қорғау органдары азаматтарды жеке мүлкінің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырып, «Пәтерді немесе тұрғын үйді қараусыз қалдырған кезде есік-терезелердің мықтап жабылғанына көз жеткізіп, сенімді құлыптар мен қауіпсіздік жүйелерін пайдаланған жөн. Мүмкіндік болған жағдайда бейнебақылау камераларын немесе күзет дабылын орнату қылмыстың алдын алуға ықпал етеді» дейді.
«Автокөлікті күзетілетін тұрақтарға немесе жарықтандырылған орындарға қою, есік-терезелерін құлыптап, ішінде бағалы заттарды қалдырмаған жөн. Сондай-ақ көлік құралдарын заманауи қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау олардың ұрлану қаупін азайтады», – деген Шелек ПБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі С.Қозыбаев уоңғы уақытта интернет арқылы жасалатын алаяқтық фактілері де жиілеп отырғанын тілге тиек етті.
Осыған байланысты азаматтарды жеке деректерін, банк карталарының мәліметтерін және SMS арқылы келетін растау кодтарын бөгде адамдарға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және белгісіз тұлғалардың қаржылық ұсыныстарына сенбеуге шақырды.
«Егер тұрғын үйіңіздің немесе мүлкіңіздің маңында күмәнді адамдарды байқасаңыз немесе меншікке қарсы құқықбұзушылықтың куәсі болсаңыз, бұл туралы дереу полицияға хабарлаңыз. Уақтылы берілген ақпарат құқықбұзушылықтың жолын кесуге және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді», – дейді құқық қорғау органдарының қызметкерлері.
Құқық қорғау органдары барлық азаматтарды заң талаптарын сақтауға, өз мүлкіне ұқыпты қарауға және қырағылық танытуға шақырады. Меншікті қорғау – тек полицияның ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Бірлескен іс-қимыл арқылы ғана қауіпсіз қоғам қалыптастырып, қылмыстың алдын алуға болады.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

