Патрульдік полиция инспекторының қызметі тұрғындардың қауіпсіздігін тәулік бойы қамтамасыз етуге бағытталған. Олар шұғыл жағдайларда бірінші болып көмекке келеді, жол қозғалысын реттейді, құқықбұзушылықтың алдын алады, «Заң мен тәртіп» қағидаттарының орындалуын бақылайды. Ең қиыны – азаматтарды құтқару үшін көп жағдайда өз өмірлеріне қатер төніп тұрса да, тәуекелге барады.
Ілияс Шахизаданов – капитан шеніндегі Талғар аудандық полиция басқармасының патрульдік полиция инспекторы. Көбіміз үшін әр күнгі тіршілік таңғы астан басталса, патрульдік полиция қызметінің жұмысы қалыпты өмірден мүлде бөлек. Басшылықтың күнделікті нұсқаулары, керек-жарақтарды тексеру, бағыт-бағдар алудан – патрульдік көліктеріне отырып, күні-түні көшелерді аралап, біздің тыныштығымызды қамтамасыз етеді. Олардың әр күні алдыңғысына ұқсамайды.
– Біздің басты міндетіміз – бірінші болып құтқаруға келіп, қақтығыстың алдын алу және жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, – дейді Ілияс Шахизаданов. – Талдықорған қаласындағы М.Горький атындағы №4 орта мектепті бітірген соң Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің құқықтану факультетіне оқуға түстім. Анам С.Макаренко атындағы №6 орта мектепте математика пәнінің мұғалімі, әкем қарапайым жүргізуші болып жұмыс істейтін. Солардың ешкімнің ала жібін аттамай, әрқашан адал еңбек етіп, үлкенді сыйлап, кішінің құрметтейтін үлгі-өнегесінің арқасында отбасында жақсы тәрбие алдым. Мектепте, жоғары оқу орнында үнемі жақсы оқып, білімді, білікті маман болуға ұмтылдым. «Жігіттің жақсы болуы – нағашыдан» демекші, полиция қызметкері болған нағашы ағамды үлгі тұтып, осы мамандықты таңдадым. Осылай қоғамдық тәртіпті сақтауға, ел тыныштығын қорғауға өзіндік үлес қосқым келді, – дейді өзі жайлы қысқа ғана әңгімелеген полиция капитаны.
Оның бұл салада қызмет еткеніне 10 жылға жуықтапты. Осы уақыт ішінде талай дүниені көрген. Біраз уақыт учаскелік инспектор болып та істеген. 2020 жылдан бері патрульдік қызмет инспекторы. Оның да өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл қызметтегі тәртіп сақшылары түрлі оқиға, атап айтқанда, жол қозғалысы ережелерін бұзудан бастап, қатты аяз кезінде күре жолдардың бойында көмек көрсету, қылмыстың ізін суытпай ашуға дейінгі жағдайлармен бетпе-бет келеді. Бір ауысымның өзінде экипаж мүшелері жиырмаға дейін шақырту алып, олар бойынша жедел жұмыс істейді.
Ілиястың айтуынша, патрульдік полицияда жұмыс істеу тек дене дайындығы мен заңдарды білуді ғана емес, сонымен қатар терең эмпатияны да талап етеді. Ол – өзге адамның эмоциялық күйін, сезімдері мен көзқарасын түсініп, оған саналы түрде жанашырлық таныта білу қабілеті. Бұл – өзіңізді сол адамның орнына қоя отырып, оның ішкі жандүниесін сырттай бағаламай, толықтай ұғыну процесі деген сөз. Офицерлер күн сайын отбасылық-тұрмыстық жанжал мен жол қақтығысына қатысушыларды тыныштандыру және жолда қиын жағдайға тап болған жандарға көмек қолын соза отырып, психологтың да рөлін атқарады. Кейде бәрін қас-қағым сәтте шешуге тура келеді. Тәртіп сақшыларының қырағылығы мен жедел әрі сауатты әрекеттерінің арқасында адамдардың өмірін сақтап қалуға немесе қаскүнемдердің жолын шұғыл түрде жабуға болады.
Полиция капитаны Ілияс Шахизадановтың асқан батылдық, ерлік пен ептіліктің үлгісін көрсеткен кездері де бар. Осыдан 8 жыл бұрын оның Гүлдала ауылында қарт адамды жанып жатқан үйден алып шыққанын, ал 2021 жылдың тамызында Талғар қаласындағы орталық көпірде өзіне-өзі қол жұмсау әрекетінің алдын алғанын бүкіл аудан жұртшылығы біледі. Оның бұл ерлігін Ішкі істер министрлігі де жоғары бағалап, «Қазақстан полициясына – 30 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттады. Сондай-ақ ол жуырда ғана «Бүркіт» патрульдік экипажының құрамында мас күйінде көлік басқарған жүргізушіні құрықтап, жол-көлік апатының алдын алғанынан да жергілікті жұртшылықтың хабары бар. Кеңдала ауылындағы саяжайда, Дачная көшесінің бойындағы №25 үйдің жанынан қылмыскерлер «Audi-80» маркалы көлігін ұрлап кете жаздаған оқиға жайында әлеуметтік желілерде де жазылды. Қазір бұл бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабымен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Патрульдік полиция қызметкерінің әріптестері мен қарапайым тұрғындар: «Ілияс Шахизаданов – кез келген жағдайда көмекке келуге әрқашан дайын», – деп оның өте елгезек, қайырымды, табанды, сонымен бірге мейірімді мінезін ерекше атап көрсетеді. Көпшілік инспекторды арнайы форма киіп, жол қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын бақылайтын қызметкер ретінде ғана көреді. Бірақ олардың әр кезекшілігінің артында тәулік бойы жұмыс істеу режимі, тіпті мереке күндері де тыным таппай, тыныштық күзетінде жүретіндігі, Жедел басқару орталығынан келіп түсетін хабарларға жылдам ден қою қажеттігі тұратындығын көп жағдайда ескере бермейді. Ал Ілияс Берікұлы болса, өз жұмысының ең жағымды жағы – осындай экипаждардың арқасында қала тұрғындары тыныш ұйықтай алатынын түсіну деп санайды.
– Барлық қиындық пен қауіп-қатерлерге қарамастан, «Заң мен тәртіп» қағидаттарының сақталуына ерекше ықпал ететін патрульдік полиция инспекторы қызметі біз сияқты өз қаласын шын сүйетін және қоғамға пайда әкелгісі келетін адамдар үшін ар-намыстың ісі және өмірлік таңдау болып қала береді, – дейді бұл қызметті мақтан тұтатын капитан Ілияс Шахизаданов.
Лайым, сақшы атына сай осындай инспекторлар қатары көп болғай!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы


