Перейти к содержимому
Главная страница » Сәулелі ғұмыр

Сәулелі ғұмыр

Қазақ әдебиетінде өзіндік үнімен, дара қолтаңбасымен танылған қаламгерлердің бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сәуле Досжан. Оның шығармалары оқырман жүрегіне жол тауып, ұлттық руханияттың асыл арнасын бүгінгі қоғаммен сабақтастырып келеді.

Сәуле Досжан 1959 жылы Ұйғыр ауданының Ақтам ауылында дүниеге келген. Бала күнінен әдебиетке құштар болып өскен болашақ жазушының өлеңдері мен мақалалары мектеп қабырғасында жүргенде-ақ баспасөз беттерінде жарық көре бастаған. Содан бері қаламын серік еткен қаламгер қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді.
Сәуле Досжан – ақындық пен прозаны қатар өрген талант иесі. Оның шығармаларында адам тағдыры, әйел жанының терең иірімдері, отбасы құндылықтары мен қоғамдағы рухани мәселелер шынайы бейнеленеді. «Қасірет пен тағдыр», «Өгей жүрек», «Үлкен үйдегі үрей», «Ауылдан шыққан миллионер», «Бала шақтан болашаққа» сынды туындылары оқырман қауымның ыстық ықы­ласына бөленіп, бірнеше шет тіліне аударылды. Бұл шығармалар тек көркем әдеби дүние ғана емес, қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайтын тағылымды туындылар ретінде де бағаланады.
Жазушы шығармашылығының басты ерекшелігі – өмір шы­ндығын бүкпесіз суреттеуі. Ол жетімдік тағдырын, отбасылық келіспеу­шіліктерді, адам жанының күйзелісін, рухани дағдарысты көркем тілмен өрнектеп, оқырманды терең ойға жетелейді. Қаламгер көтерген мәселе­лер әр адамның жүрегіне жол тауып, қоғамдағы келеңсіз құбылыс­тарға бейжай қарамауға үндейді. Сонымен қатар Сәуле Досжан шығарма­ларында ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталады. Қазақы тәрбие, салт-дәстүр, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді асыл қасиеттер оның туындыларының алтын арқауына айналған.
«Парасатты оқырман» жобасы аясында Есік гуманитарлық педагогикалық колледжінде Сәуле Досжанмен тағылымды кездесу ұйымдастырылды. «Сәулелі ғұмырдың сырлы қаламы» атты кеште студенттер қаламгердің «Ауылдан шыққан миллионер» туындысы бойынша буктрейлер әзірледі. Жастар көкейде жүрген сауалдарын қойып, жазушының өмір жолы мен шығармашылық әлеміне қатысты тың мәліметтермен танысты. Әдеби кеш еркін пікір алмасу алаңына айналып, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.
Кездесуде Сәуле Досжан шығар­маларының тәрбиелік мәні, ұлттық руханиятты дамытудағы рөлі кеңінен сөз болды. Студенттер жазушы туындыларынан алған әсерлерімен бөлісіп, кейіпкерлер тағдыры арқылы өмірдің сан қырлы сырын тануға мүмкіндік алды.
Әдеби кештің тағылымы мол болды. Ол жас буынның кітап оқуға деген ынтасын арттырып қана қоймай, рухани құндылықтарды бағалауға, ұлттық әдебиетті құрметтеуге үндеді.
Қорыта айтқанда, Сәуле Досжан шығар­малары – халықтың рухани айнасы. Оның туындылары адамды ізгілікке тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы қоғамның рухани дамуына зор үлес қосып келеді. Ал осындай мазмұнды кездесулер жас ұрпақтың әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырып, рухани дүниесін байыта түсетіні сөзсіз.

Зиба Нүсіпова,
Есік гуманитарлық-педагогикалық колледжінің
әдістеме жұмысы жөніндегі орынбасары
Еңбекшіқазақ ауданы