Перейти к содержимому
Главная страница » Шекарашылар туралы қалам тербеген

Шекарашылар туралы қалам тербеген

Баспасөздің бас сардары Шерхан Мұртазаның: «Жорналшы да атан түйе секілді: жегені жантақ, арқалағаны алтын» деп айтып кеткен қағидасы сөз қадірін білетін, қаламы әрдайым қайраулы журналист үшін өміршең болып қала береді. Шекарашылардың ел шебіндегі өмірінен сюжет жасау үшін бізбен бірге шекараға аттанған журналистерді төл мерекесімен құттықтау мақсатында қала көшелерімен келе жатып неге екенін, осыны ойладым…ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің қорғауындағы қазақ-қытай, қазақ-қырғыз шекараларының бойында болып жатқан оқиғалар, елдің шетінде, желдің өтінде жүрген ерлер туралы репортаж, очерктерді әсіресе өңірдегі бірінші басылым саналатын «Алатау арайы», «Огни Алатау» газеттерінің беттерінде аз жарияланған жоқ. Ата газет «Казахстанская правда» газетінің Алматы қаласындағы меншікті тілшісі Николай Жоров, танымал фототілші Юрий Беккер, «Уйғур Авази» газетінің бас редакторы Ершат Әсмәтов сынды тәжірибелі журналистердің мақалалары арқылы халық шекарашыларды терең танып білді. Сонымен бірге, «Алатау» телеарнасының Алматыдағы филиалының бас редакторы Олжас Уәли, Қарасай аудандық «Нақты» газеті бас редакторының орынбасары Дидар Мәлікұлы, өңірлік «Қонаев медиа» телеарнасының тілшілері Ақжан Анапия, Жадыра Джалдыбаевалар да шекарашылар үшін аз еңбектенген жоқ. Шекараға барып, сарбаздармен сұхбаттасқан, үстіне әскери форма киіп, ел шебінен репортаж жүрген «Алатау» телеарнасының журналисі Айгерім Есімханды бүгінде кім білмейді?.. Біз әп-дегеннен атаған «Алатау арайы» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Алма Есенбаева осы жолдардың авторы жіберген материалдарды өңірдегі №1 басылымға жариялар алдында: «Сіздің қаламыңыздан туған мақалалар шетте қалмауға тиіс. Өйткені, мұнда шекарашылардың біз білмейтін тыныс мен тіршілігі, біздің тыныштығымыз туралы сыр айтылады», — деуі көңілге демеу. Бізге берілген жоғары баға!…Шекара мен шекарашы. Туған еліміздің шетінде жүру – шекарашылардың маңдайларына ғана жазылған бақ. Сосын да ұясынан жаңа көтеріліп келе жатқан күнді бірінші қарсы алу үшін қызметтерін кешкі 20.00-де бастайтын әскери қызметшілердің ешкімге ұқсамайтын өмірі жайында қалам тербеу – біреулер үшін оңай көрінетін болар… Тек, мен олай ойламаймын. Бұл – қызмет бөлмесінде отырып, қызметтік телефонның тұтқасын көтеріп, кез келген шекара бөлімшесіне шыға салу, алған мәліметтен ортанқол дүние жасай салып, міндетінен «құтылу» дегенді білдірмейді. Шынайы дүние жасау үшін шекараға аттан, шекара нарядымен бірге таудың ішін арала, шақырымдарды жаяу жүріп өт, шекарашылармен сұқбаттас. Олардың ішкі жан-дүниесіне үңіл… Сонда ғана оқырманыңа шынайы дүние ұсына аласың. Алматы облысы бойынша департаменті туралы қалам тербеген, оқиға орнынан репортаж жүргізген журналистер – біз жоғарыда аттарын атап өткен азаматтық әріптестеріміз осыны тап баса білген. Сондықтан да, біз 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне ерекше дайындалдық. Біздің сөзімізді жерге тастамақ түгілі өздері де ел шебіне баруға сұранған әріптес журналистерді мерекесіне құттықтауға асықтық. «Шекарашылар туралы жазар қаламдарыңыз мұқалмасын!» деп қолдарын құшырлана қыстық. Патриоттарымызды елге танытқаны үшін алғыс айтып, алдағы уақытта да ықпалдаса жұмыс істеуге уағдаласып қайттық. Міне солай! Иә, жазар көбейсін, қаламы қарымды журналистер!

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,

ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы