Интернеттің дамуы күнделікті өмірді жеңілдеткенімен, киберқылмыстың жаңа түрлерінің көбеюіне де жол ашты. Соңғы жылдары интернет-алаяқтық пен қаржы пирамидаларына алданып, қомақты қаржысынан айырылған азаматтардың саны азаймай отыр.
Алаяқтар өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы өкілі немесе белгілі компанияның маманы ретінде таныстырып, азаматтардың жеке деректерін, банк картасының нөмірін немесе SMS арқылы келген кодтарды алдап сұрап алады. Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы тез әрі оңай табыс табуға шақыратын күмәнді инвестициялық жобалар мен қаржы пирамидалары да көбейген.
Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін ешқашан бөгде адамдарға банк картасының мәліметтерін, құпия сөздерді және растау кодтарын бермеу қажет. Белгісіз сілтемелерге өтпеу, күмәнді ұсыныстарға сенбеу және кез келген қаржылық операцияны тек ресми ақпарат көздері арқылы тексеру маңызды.
Егер интернет-алаяқтыққа тап болсаңыз немесе күмәнді қаржылық ұсыныс алсаңыз, дереу банкке және құқық қорғау органдарына хабарласқан жөн. Жедел әрекет ету қаржыны сақтап қалуға және қылмыскерлерді анықтауға мүмкіндік береді.
Цифрлық қауіпсіздік – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Әрбір азамат сақтық танытып, ақпараттық сауаттылығын арттырса, интернет-алаяқтардың құрбаны болу қаупі айтарлықтай төмендейді.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ

