Перейти к содержимому
Главная страница » Тұрғындарға интернет алаяқтығынан сақтану жолдарын түсіндірді

Тұрғындарға интернет алаяқтығынан сақтану жолдарын түсіндірді

«Заң мен тәртіп» қағидасы аясында Ташкенсаз ауылдық округі әкімдігінің ғимаратында округ тұрғындарымен «Интернет-алаяқтық және оның негізгі түрлері» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.

Соңғы уақытта алаяқтық, оның ішінде интернет-алаяқтық қылмыстардың саны күннен-күнге артып отыр. Осыған байланысты ауыл тұрғындарының құқықтық және цифрлық сауатын арттыру, интернет-алаяқтықтың түрлері туралы жан-жақты ақпарат беру және мұндай қылмыстардың құрбаны болмаудың жолдарын түсіндіру мақсатында ауылдық округ әкімдігінің мамандары мен учаскелік полиция бірігіп, тұрғындардың басын қосты.

Кездесуде ауыл тұрғындарына өзін банк қызметкері ретінде таныстыратын алаяқтардың әрекеттері, жалған интернет-дүкендер, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатын алаяқтық схемалар, күмәнді сілтемелер мен жалған инвестициялық жобалар туралы кеңінен айтылды. Сондай-ақ банк картасының деректерін, SMS арқылы келетін растау кодтарын және жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу қажеттігі түсіндірілді.

«Қазіргі таңда алаяқтар түрлі тәсілдерді қолданып, азаматтардың сеніміне кіруге тырысады. Белгісіз нөмірлерден түскен қоңырауларға сақтықпен қарап, жеке және банк деректерін ешкімге айтпаған жөн. Күмәнді сілтемелерге өтпей, қаржылық операция жасамас бұрын ақпараттың шынайылығына көз жеткізу қажет. Егер алаяқтық белгілерін байқасаңыз, бірден полицияға хабарласыңыз», – деген  Ташкенсаз ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы И.Баситов тұрғындарға интернет кеңістігінде қауіпсіздікті сақтау бойынша нақты нұсқаулар берді.

Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа тәсілдері мен олардан қорғану жолдары жөнінде кеңестер алды. Сонымен қатар қатысушыларға алаяқтық әрекеттердің алдын алу бойынша жадынамалар таратылып, қауіпсіздік ережелерін күнделікті өмірде ұстанудың маңызы айтылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулері тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға, цифрлық қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыруға және интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алуға бағытталған. Осындай жұмыстар алдағы уақытта да ауданның өзге ауылдық округтерінде жалғасып таппақ.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ