Қазақ тарихында әлі де болса аты аталмай, есімі ескерусіз қалып келе жатқан тұлғалар баршылық. Олар туралы ел арасында сақталған тарихи әңгімелер жеткілікті. Мұндай тұлғалар жайлы ел арасында айтылатын ғылыми шаралар мен еңбектер аз болғандықтан батыр бабаларымыз бен билеріміз өз деңгейінде насихатталмай, көлеңкеде қалып жатыр. Қоғам олар туралы дұрыс біле бермейді. Солардың бірі – Кеген өңірінің тумасы, өз заманында би болған, қазақ батыры Таңатар Айтұлы.
Бұл тұлға туралы да қоғамның білетін мәліметі мардымсыз, насихаты өз деңгейінде емес. Осыған орай, Қарқара ауылдық Мәдениет үйінде Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, «Балалар мен ұрпақтар» қоғамдық бірлестігі және Кеген ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Қазақ тарихындағы әулеттер: тұлғалары, тағылымы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Бұл конференцияның мақсаты – Таңатар Айтұлының өмірбаянымен таныстыру, ел арасында сақталған тарихи деректерді ғылыми негізде дәлелдеп, болашақта зерттеулер жүргізу, мәдени-тарихи құндылықтарды насихаттау, ұлттық дәстүр мен жетістіктерді жаңғырту, дамыту һәм танымал ету.
Айтулы шараға тарихшы-ғалымдар, «Өлке тынысы» ЖШС директорының кеңесшісі, ақын Кәдірбек Құныпияұлы, Кеген аудандық мәслихатының төрағасы Алмасбек Нұғыман, Кеген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Еркінбек Қалқаев, ауыл тұрғындары қатысты.
Конференцияны Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Шамек Тілеубаев ашып, жүргізіп отырды.
Шарада Кеген аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман тарихи тұлғаның өмір жолына тоқталып, аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың конференция қатысушыларына деген ыстық сәлемін жеткізді.
Жиын барысында ғалымдар халқымыздың мәдени және рухани мұрасының тағылымы туралы сөз қозғап, жаңашыл ой, тұшымды тұжырымдар жасады.
«Қазақ қоғамындағы билер институтының құрылуы мен қызметінің кейбір мәселелері» тақырыбында Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов баяндама жасады. Ол өз сөзінде: «Жас ұрпақ Таңатар би бабамызға қарап, бой түзеп, үлгі алып, болашақта атамыздай даңқты болуы тиіс. Таңатар Айтұлы ХVІІ ғасырда өмір сүрген қазақтың биі», – деп атап өтті.
«Қазақ шежіресіндегі Албан руларының аталар тарихы» атты тақырыпта Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Мақсат Алпысбесұлы: «Қазақ шежіресі – маңызды құбылыс. Шежіре тоқтамайды, шежіре тарихы болмаса, қазақтығымызды тану қиын. Дінді, тілді, тегімізді қалыптастырып, қазақи болмысымызды сақтап қалу маңызды», – деп сөзін түйіндеді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Меңдігүл Сағатқызы «Таңатар Айтұлы және оның заманы» атты баяндамасымен біраз жайтты әңгімелеп берді.
Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Әуезхан Шашаев Кеген болысындағы Таңатар ұрпақтарының түтін саны, тұрмыс-тіршілігі жайында «Әулеттік тарихтағы Таңатар ұрпақтарының орны» баяндамасында кеңінен тоқталды.
Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Шамек Тілеубаев сөз алып: «Дерек жоқ кезде қиналамыз, ұрпақтарына байланысты деректерді толықтырып, зерттеулерді жалғастыра беруіміз қажет. Бұл конференция – үлкен жұмыстың бастамасы»,– дей келе, «Қазақ халқының тарихи жады және тарих айту дәстүрінің деректері: ерекшеліктері мен маңызы» атты баяндамасын көпшілікке оқып берді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Маржан Дәуітбекова «Таңатар би және жауынгерлік өнер сабақтастығы» тақырыбында сөз қозғап, бастапқы баяндамаларда келтірілген Таңатар биге қатысты деректерге, ондағы ерлердің түр-тұрпаты мен кескін-келбеті, сол заманның тарихы мен ортасына қатысты мәселелерге тоқталды.
«Таңатар Айтұлының ұрпақтары архив құжаттарында» атты баяндамасымен Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, тарих магистрі Рашид Оразов конференцияны қорытындылады.
Мұнан соң, мінбеге Таңатар Айтұлының ұрпағы Әнуар Нарынбаев көтеріліп, тақырып аясында әңгіме қозғап, ой бөлісті. Тарихшы Дүйсенбай Сығаев баба ерлігі мен еңбегін әр уақыт ұлықтап жүру керектігін айтты.
Ауқымды шара соңында қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, сұрақтарына жауап берілді.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы


