Перейти к содержимому
Главная страница » Жаңа дәуірдің жарқын жобасы

Жаңа дәуірдің жарқын жобасы

Туризм десе көпшіліктің көз алдына көркем табиғат, тарихи орындар мен шипалы мекендер елестейтіні рас. Алайда бүгінгі әлемдік үрдіс мүлде басқа бағытқа бет бұрды. Қазіргі саяхатшыны таңғажайып табиғат қана емес, ерекше әсер сыйлайтын ауқымды шаралар да қызықтырады. Сондықтан дүниежүзінде оқиғалы туризмге басымдық беріліп, халықаралық фестивальдер, мәдени форумдар мен спорттық жобалар өңірлердің туристік брендіне айналып келеді. Бұл үрдістен облысымыз да шет қалған жоқ. Соңғы жылдары өңірде ұйымдастырылып жатқан халықаралық деңгейдегі іс-шаралар облыстың туристік әлеуетін жаңа қырынан танытып келеді. Соның жарқын дәлелі – Қонаев қаласында алғаш рет «Drive Forum Great Orda» халықаралық фестивалінің өтуі. Расымен де ауқымды жоба өңірімізді халықаралық туристік орталыққа айналдырды.

Үш күнге созылған ауқымды шара Қапшағай су қоймасының жағалауын бұрын-соңды болмаған ерекше әсерге бөледі. Әлемнің әр түкпірінен келген саяхатшыларды, автокөлік әуесқойларын, мототуризмді серік еткен жандарды, кемпинг мәдениетін қолдаушыларды бір ортаға тоғыстырған фестиваль көпшілікке мүлде жаңа формат ұсынды. Бүгінде Қонаев қаласы тек жағажайымен ғана емес, түрлі халықаралық жобалар өтетін орталық ретінде де таныла бастады. Бұрындары мұндай ерекше іс-шараларды көру үшін ел тұрғындары Алматы мен Астанаға баратын болса, енді сондай деңгейдегі жобалар Алматы облысының өзінде ұйымдастырылуда. Бұл өз кезегінде өңірдегі туризм саласының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
Аталмыш фестиваль облыстық туризм басқармасы, Visit Alatau және Kazakh Tourism ұлттық компаниясының қолдауымен өтті. Әлемдік деңгейдегі жобаға барынша атсалысқан жандардың еңбегі ақталды десек те болады. Олар қалыптасқан, жүйелі форматтардан бас тартып, қатысушыларды тұтас бір шытырман оқиғаның ішіне енгізді. Оны өте жоғары деңгейде өткен шараның салмағы мен әр сәтінен анық бағамдауға болады. Фестиваль аумағы әйгілі «Mad Max» киноәлемінің стилінде безендіріліп, постапокалиптикалық атмосфера жасалды. Мұнда келген әрбір қонақ өзін кино кейіпкеріндей сезінді. Ерекше безендірілген алаңдар, сирек кездесетін техникалар көрмесі, жол талғамайтын көліктер мен автокеруендер, спорттық жарыстар, балаларға арналған ойын алаңдары, шығармашылық шеберлік сабақтары, концерттік бағдарламалар, алып әуе шарымен көтерілу мүмкіндігі, эндуро жарыстары мен театрландырылған қойылымдар фестивальдің сәнін кіргізді. Дегенмен, бұл жобаның басты ерекшелігі – ойын-сауық ұйымдастыру ғана емес, автотуризм мәдениетін дамытуында болды. Фестиваль қарсаңында әлемге әйгілі «Mad Max» кинофраншизасының режиссері Джордж Миллердің арнайы бейнеүндеуі де шараның мерейін биік етті. Белгілі кинорежиссер өз құттықтауында еркіндікке ұмтылу, жаңа жолдарды бағындыру және саяхаттың адам өміріндегі ерекше орны туралы айтып, фестиваль қатысушыларына жарқын әсер мен жаңа достық тіледі.
Соңғы жылдары Қазақстанда өз көлігімен ел аралап, табиғат аясында тынығып, жаңа бағыттарды бағындыратын саяхатшылар саны көбейіп келеді. «Drive Forum Great Orda» осы бағыттың әлеуетін көрсетіп қана қоймай, автотуризмнің қоғамдағы орнының нақтыланғанын айқын аңғартты.
Фестивальге тәжірибелі саяхатшы­лармен қатар, алғаш рет балаларын ертіп келген жас отбасылар, жол талғамайтын көлік түрлеріне қызығушылық танытатындар қатысты. Көпшілігі шатырлы лагерь құрып, үш күн бойы табиғат аясында демалды. Шараға Қазақстанның барлық өңірінен бөлек Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және өзге мемлекеттерден келген бір жарым мыңнан астам адам қатысты. Бұл көрсеткіштің өзі аймақтың халықаралық туристік бағытының дамығанын, өз табиғатымен әлемдік туристерді қызықтыра білгенін көрсетеді.
Фестиваль аяқталғаннан кейін қатысушылардың бір бөлігі саяхатын әрі қарай жалғастырып, «Алтын-Емел» ұлттық табиғи паркі, Жетісу өңірі және Алакөл бағыты бойынша арнайы экспедицияға шықты. Бұл ұйымдастырушылардың тек бір реттік шара өткізуді емес, Қазақстанның көрікті өңірлерін өзара байланыстыратын туристік бағыттарды кеңінен насихаттауды көздегенін көрсетеді. Оқиғалы туризмнің тағы бір маңызды қыры – оның экономикаға берер пайдасы. Мұндай халықаралық фестивальдер өткен жерде қонақүйлер мен демалыс орындарына сұраныс артады, қоғамдық тамақтану орындары мен қызмет көрсету саласы жанданады, шағын және орта кәсіпкерлікке серпін беріледі. Ең бастысы – өңірдің халықаралық беделі өсіп, жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашылады.

Құралбек СӘБИТОВ