Жекеменшікке қол сұқпаушылық – заңмен қорғалатын негізгі құқықтардың бірі. Әрбір азаматтың адал еңбегімен тапқан мүлкі мемлекет қорғауында, сондықтан оны сақтау мен қорғау ортақ жауапкершілікті талап етеді.
Мүлікке қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алуда сақтықтың маңызы зор. Үйді қараусыз қалдырғанда есік-терезенің сенімді жабылғанына көз жеткізу, көлікті арнайы күзетілетін орынға қою, бағалы заттарды көпшілік жерде қараусыз қалдырмау – қарапайым болғанымен, тиімді қауіпсіздік шаралары.
Қазіргі таңда құқық қорғау органдары тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп, ұрлықтың алдын алу бағытында профилактикалық іс-шараларды күшейтіп келеді. Сонымен қатар бейнебақылау жүйелерін кеңінен пайдалану мен тұрғындардың қырағылығы көптеген құқық бұзушылықтың жолын кесуге ықпал етуде. Меншік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде азаматтардың өзара ынтымақтастығы да маңызды. Көрші-қолаңның мүлкіне жанашырлық таныту, күмәнді адамдарды байқаса, тиісті органдарға хабарлау – қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудың тиімді жолдарының бірі.
Жекеменшікті қорғау – полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әр азамат заң талаптарын сақтап, өз мүлкіне жауапкершілікпен қараған жағдайда ғана қауіпсіз орта қалыптасады. Заңға құрмет пен сақтық мәдениеті орныққан қоғамда құқық бұзушылық азайып, адамдардың ертеңгі күнге деген сенімі арта түседі.
Құралбек СӘБИТОВ

