2026 жылғы 28—30 шілде аралығында республика көлемінде «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатыр. Іс-шараның негізгі мақсаты – жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тасымалдаушылардың қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауын бақылау, көлік құралдарының техникалық жай-күйін тексеру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
Аталған іс-шара аясында Шелек ПБ қызметкерлері Еңбекшіқазақ ауданы Шелек өңірінде жолаушылар тасымалымен айналысатын «Тұлпар» ЖШС-нің көлік құралдары мен жүргізушілеріне тексеру жүргізілді. Тексеру барысында автобустардың техникалық жарамдылығы, қажетті құжаттарының толықтығы, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимінің сақталуы, сондай-ақ жолаушыларды тасымалдау қағидаларының орындалуы назарға алынды.
Сонымен қатар жүргізушілерге жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік құралдарын уақтылы техникалық байқаудан өткізу, жылдамдық режимін сақтау және жолаушылардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарау жөнінде профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Шелек ПБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі С.Қозыбаев жолаушылар тасымалы саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – құқық қорғау органдары жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, «Жолаушылардың қауіпсіздігі – ең басты міндет. Әрбір тасымалдаушы мен жүргізуші жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, көлік құралдарының техникалық жағдайына тұрақты бақылау жүргізуі қажет. Жол-көлік оқиғаларының алдын алып, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мұндай профилактикалық іс-шаралар жоспар бойынша үнемі өткізіліп тұрады», – дейді.
«Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы алдағы уақытта да жалғасын тауып, анықталған құқық бұзушылықтар бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

