Қазіргі таңда елімізде кәсібінің тасын өрге домалатып қана қоймай, халықтың да әлеуметтік жағдайының жақсаруына қол ұшын созып, көмек көрсетіп жүрген азаматтар жетерлік. Қойнауы құтқа толған ырысты өңір Балқаш ауданынан даңқты батыр да, мемлекет және қоғам қайраткері де, ғылым көкжиегіндегі ғалым да, тұлғасы ерек, тұғыры биік азаматтар да шыққан. Халқымызда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме? Сондай халқына жанашыр жандардың бірі – Алматы облысы экономикасының дамуына ықпал етіп жүрген, кәсіпкер-меценат, «Балқаш жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры, Балқаш және Жетісу облысына қарасты Кербұлақ аудандарының Құрметті азаматы Нарымбет Әбдібаев. Атымтай жомарт азамат өзінің іскерлік қабілетімен ғана емес, көпшілікке қолдау көрсетіп жүрген қайырымдылық қасиеттерімен де еліне сыйлы, жұртына қадірлі азаматқа айналып, облыс тұрғындарының ерекше құрметіне бөленіп келеді.
«Адамға абырой әкелетін – адал еңбек пен ізгі іс» дейтін болсақ, нар тұлғалы Нарымбет Тұлғабайұлының бойында бұл аталғанның екеуі де бар. Ол адал еңбек ете жүріп, кәсібінен нәсібін теріп, қайырымды істері арқылы көптеген жанның өміріне үміт сыйлап, болашаққа деген сенімін арттыруға сүбелі үлес қосуда.
Қайырымдылық пен кәсіпкерлікті ұштастырған абыройлы азамат Нарымбет Тұлғабайұлының өмір-деректеріне зер салсақ, ол 1963 жылы Ескі Бақбақты ауылында дүниеге келген. 1980 жылы №1 Бақанас орта мектебін ойдағыдай тәмамдаған соң, Алматы энергетикалық институтына оқуға түсіп, 1987 жылы инженер-электрик мамандығын алып шыққан. Алғашқы еңбек жолын қарапайым қызметтен, яғни Балқаш ауданына қарасты Ақкөл кеңшарының бас инженерінен бастаған. Іскерлігі мен табандылығының арқасында 1989-1993 жылдар аралығында Балқаш аудандық жолаушылар көлігін тасымалдау автобазасының директоры қызметін де абыроймен атқарған. Ал 1994 жылдан 1999 жылға дейін «Қазақ ТрансСтрой Тресінің» қосалқы шаруашылығының директоры лауазымында болды. 1999 жылы Нарымбет Әбдібаев пен Асқар Ибраевтың бастамасымен «Балқаш жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылды. Содан бері Нарымбет Тұлғабайұлы мекеменің атқарушы директоры қызметін атқаруда. Бұл серіктестік Балқаш ауданының автомобиль жолдарын жөндеу және кұрылыс жұмыстарын жүргізумен айналысып келеді. Бастапқыда тас жолдардың шағын ғана, әсіресе бүлінген және ойылған жерлерін бітесе, бүгінде «Балқаш жолдары» ЖШС ауданмен ғана шектелмей, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын, ауыл ішіндегі көше жолдарына күрделі жөндеу жұмыстарын, «Қапшағай – Бақанас – Қарой» тас жолын, одан бөлек Талғар, Кербұлақ және басқа да өңірлерге тас жол төсеумен айналысуда. Абыройлы азамат басқарып отырған мекеме жыл сайын Балқаш ауданының 100-120-ға жуық адамын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Жол жөндеу, өндірісті дамыту, жергілікті құрылыс материалдарын кеңінен пайдалану мақсатында 2019 жылы Миялы ауылдық округінде қиыршық тас өңдейтін зауыт құрылысын жүргізіп, іске қосты. Зауыттың шығарған өнімін тиісті сертификациялау және лицензиялау жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда әртүрлі фракциядағы құрылыс жұмыстарына арналған қиыршық тастар сатылымға шығарылуда. Қиыршық тас зауыты арқылы да 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Онда нығыз тау жыныстарынан қиыршық тас, ұсақтаудан еленіп алынған құм, қиыршық тасты-құмды қоспалар өндірілуде. Төскейін түрт түлік мекендеген Тасмұрын жотасының баурайындағы бұл қиыршық тас өңдейтін зауыт арқылы кәсіпкер ауданның өндіріс саласымен айналысуына жол ашты.
Нарымбет Әбдібаевтың өңірдегі мал шаруашылығын дамытуда да еңбегі зор. Ол – Ақкөл ауылдық округінің аумағындағы «Марқа» шаруа қожалығының төрағасы. Шаруа қожалығында 2003 жылдан бері 400 бас жылқы, оның ішінде асыл тұқымдысы 70 бас, 1000 бас ірі қара, 30-ға жуық түйе өсірілуде.
Кәсіпкер басқарып отырған мал бордақылау алаңында 450-ге жуық ірі қара бордақыланып, нарыққа жыл сайын сапалы отандық ет өнімдері шығарылады. Бұл тек кәсіптің дамуына ғана емес, өңір тұрғындарын Бақанас ет өнімдерімен қамтасыз етуге бағытталған. Кәсіпкер ел ырысын еселейтін мұндай еңбегі арқылы табиғи өнімнің халық дастарқанына қолжетімді бағамен жетуіне мүмкіндік беріп отыр. Ет өнімдері көтерме және бөлшек саудаға сатылымға шығарылып, бүгінде тұтынушылар тарапынан жоғары сұранысқа ие.
Мал бордақылау кешенін аралау барысында «Балқаш жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алаңында аралардың ұясын да көзіміз шалды. Бірнеше кәсіпті дөңгелеткен Нарымбет Тұлғабайұлы бал араларын өсіріп, омарташылық кәсібін де жандандырыпты. Араларды өсіру арқылы олардан бал алып, өнімді сатылымға шығарады. Тіпті, отандық өнім аудан тұрғындарының да дастарқанынан орын алған.
Айта кететін жайт, кәсіпкер тек мал шаруашылығымен шектелмей, Балқаш ауданында 600 га суармалы жер алқабына бидай, күріш өнімдерін егіп, оны өздері әктеумен айналысады. Жоңышқа да өсіріп, қысқы мал азығын дайындауға да атсалысуда.
«Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» дегендей, бірнеше кәсіпті игерген әңгіме кейіпкері «Бақанас балығы» ЖШС-ның да басшысы. Балқаш ауданы су айдындарына бай өңір болғандықтан, балық шаруашылығын дамыту – аудан экономикасының негізгі бағыттарының бірі. Осылайша ол балық шаруашылығын дамытуға да үлес қосып, өңірдегі кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға ықпал етуде. Нарымбет Тұлғабайұлы халықтың әл-ауқатын арттырумен бірге, еліміздің тұрақты дамуына да үлес қосуда. Әсіресе қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайту жолында өңірдің өзекті мәселелерін көтеріп, оларды шешуге де еңбек етіп келеді. Ол – «Әділет» партиясы Алматы облыстық филиалы саяси кеңесінің белсенді мүшесі. 10 шілде күні Астана қаласында өткен «Әділет» партиясының кезектен тыс ІІІ съезінде делегаттар қатарында болып, партияның алдағы даму бағыты мен елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысты маңызды шешімдерді талқылауға қатысты. Бұл – оның облыс тұрғындарының мүддесін республикалық деңгейде танытып, ел игілігі жолындағы қоғамдық-саяси жұмыстағы белсенділігінің айқын көрінісі.
Туған жерінің тарихына, ата-баба мұрасына әрдайым құрметпен қарайтын Нарымбет Әбдібаев тек кәсіпкерлік саласында ғана емес, рухани және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге де өз үлесін қосып келеді. Соның бір дәлелі – шежіре жинақтап, арнайы кітап етіп шығаруы. Ол өскелең ұрпақтың ататегін танып-білуге, ұлттық тамырын тереңірек сезінуге мүмкіндік сыйлап, ұрпақ сабақтастығын нығайтты. Шежіре – ұлттың өткенін бүгінімен жалғайтын алтын көпір болса, жарық көрген аталмыш жинақ – сол асыл мұраны келешекке жеткізуге бағытталған құнды еңбек. Бұдан бөлек, қолы ашық азамат өзі білім алған шаңырақтың, яғни №1 Бақанас орта мектебі мұғалімдеріне арналған «Ұстазым, менің ұстазым» атты кітабының жарыққа шығуына демеушілік көрсеткен. «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» демекші, қайырымды азаматтың есімі «Қазақстанның Алтын кітабына» да енген.
Қазақ халқы – жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған дана халық. Осы ретте қайырымдылық қазақтың қанына сіңген қасиет екеніне тағы бір мәрте көз жеткізгендей боласың. Ал нар тұлғалы азамат өмірінде қайырымдылық пен қамқорлық оның басты ұстанымына айналған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жастарды қолдау мәселесіне тоқталып: «Жастар – еліміздің болашағы. Сондықтан жастардың сапалы білім алуына, еңбек етуіне және өз қабілетін толық жүзеге асыруына барлық жағдай жасалуға тиіс», – деп атап өткен болатын. Нарымбет Тұлғабайұлының ойынша, жастарға қолдау көрсету – болашаққа салынған ең құнды инвестиция. Осы орайда, бақ дарыған Балқаштың әлеуметтік дамуына әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқан кәсіпкер Бақанас мектеп-интернаты жанындағы қамқоршылық кеңес төрағасы ретінде де ондағы игі бастамалардың ұйытқысы болып келеді.
Балқаш аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнар Мұқұмова ұсынған мәліметке сәйкес, Нарымбет Тұлғабайұлы демеушілігі білім ордасының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, оқу үдерісі сапасының артуына, сонымен қоса оқушылардың жан-жақты дамуына бағытталған маңызды істермен ерекшеленеді.
Ол жастардан өзге, әрдайым әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп келеді. Тек өзінің кіндік қаны тамған Балқаш ауданына ғана емес, Жетісу облысына қарасты Кербұлақ ауданында да бес бірдей отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етіп, өмірдің қиын-қыстау сәттерінде қолдау көрсетіп, баспана алып берді. Мұндай ізгі амалымен әңгіме кейіпкері өз мақсатының тек біреуге көмек беру емес, қоғамда жанашырлық пен мейірімнің бар екенін көрсетті. 2023 жылы баспаналардың төртеуін Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек ауылынан сатып әперсе, ал біреуін Қызылжар ауылындағы отбасына сыйға тартқан. Оның ішінде отбасы бес, алты баладан тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылар. Бүгінде бұл арда азамат Алматы облысындағы Балқаш ауданы мен Жетісу облысына қарасты Кербұлақ ауданы арасындағы алтын көпірді жалғап отыр.
Бұлай дейтінім, кәсіпкер Нарымбет Тұлғабайұлының Жетісу облысы Кербұлақ ауданының Жайнақ батыр ауылында да жеке кәсібі бар. Алматы облысының негізгі бағыттарының бірі мал шаруашылығы болса, ал екіншісі – егін шаруашылығы. Осы орайда ол 2013 жылы табиғаты ғажап, көктем мезгілі келе сала, етегі жасыл желекке жайқалатын өңірдегі «Жолбарыс Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшылары қатарына кіреді. 2016 жылы кәсіпкермен кәсіп бастаған кезінен бері бірге келе жатқан адал досы, «Балқаш жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Асқар Ибраев та аталған серіктестіктің құрылтайшылары қатарына кірген. Нарымбет Әбдібаев онда бірнеше астық түрін өсіре бастаған. Абыройлы азамат – қазіргі уақытта бұл серіктестіктің бас құрылтайшысы.
Осы мақаланы жазу барысында жеке кәсіпкермен бірге Кербұлақ ауданындағы Жайнақ батыр ауылына арнайы барып, егіс алқабын көзбен көріп, серіктестіктің директоры Мақаш Әшербеков және бас инженер Несіпбай Кенебаевпен бірге ондағы жұмыс барысын көзбен көріп қайттық. Бір қызығы, бұл ауылдағы Жайнақ батыр деген белгіні де жаңартуға кәсіпкер демеушілік танытып, бұдан да басқа көптеген игі іске мұрындық болған.
Егінжайды аралап жүргенімізде бас құрылтайшымен Кербұлақ ауданы әкімі Жанат Жүнісбеков жүздесіп, ондағы жайқала өскен арпа өнімінің жай-күйіне назар аударып, биылғы жылы егіннің бітік шығатынына сенім білдірді.
Сапар барысында «Жолбарыс Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мақаш Бертайұлы егіс алқабының аумағы 2120 га жерді қамтығанын, оның ішінде шабындық жер 450 га жерді құраса, ал жайылымдық жердің аумағы 1457 га екенін тілге тиек етті. Ал бас инженер Несіпбай Оразбекұлы биылғы жылы 1150 га жерге егін, 450 га жерге көпжылдық шөп егілгенін айтты.
Нарымбет Тұлғабайұлының айтуынша, мұнда алдағы уақытта шаруашылық көлемін ұлғайту да жоспарда бар. Оған қоса кәсіпкер шемішке шаруашылығын қолға алатын ойы бар екенін де іркіп қалмады. Сондай-ақ бұл өңірдегі шаруашылық арқылы жұмыспен қамтылған халықтың да қуанышында шек жоқ. Себебі Нарымбет аға бас құрылтайшы болғанға дейін, мұндағы еңбек адамдары алты айға жуық айлығын ала алмай, қиын күндерді бастан кешірген. Кәсіпкер серіктестікке құрылтайшы болғаннан кейін, шаруашылық жұмысы алға басып, жандана түскен.
Жер жаннаты – Жетісудың Кербұлақ ауданына барған сапарымызда Сарыөзек ауылының тұрғыны, жанашыр азаматтың демеушілігімен баспаналы болған жандардың бірі Аслан Танабаевпен де бірауыз тілдестік. Осыдан үш жыл бұрын жомарт жаннан баспана кілтін алған ол бізге ағынан жарылып, қайырымды жанға деген жылы лебізін былайша білдірді:
– Шыны керек, баспаналы болғанға дейін пәтерден-пәтерге көшіп, өмір сүрдік. Отбасылы болғаннан кейін пәтер жалдап тұру да оңай емес екен. Пах, шіркін! Өз шаңырағымыз болғанға не жетсін?! Қазақта «Кедей болсаң, көшіп көр» демей ме? Көшіп-қонудан да шаршайтынбыз. Бірақ осылай күн көріп, еңбектеніп жүргенімізде, ауданымызда орналасқан «Жолбарыс Агро»» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас құрылтайшысы Нарымбет аға демеуші болып, бізге баспана сыйға тартты. Қатты қуандық. Тұрғын үйіміз бес бөлмелі. Әрқайсымыздың бөлмелеріміз бар. Әсіресе, үш қызым бөлмелеріне орналасқанда қуанышында шек болмады. Үйіміз жанға жайлы. Содан бері өз баспанамызда отбасымызбен бірге бақытты ғұмыр кешудеміз. Осындай қолдау көрсеткен Нарымбет ағаға отбасымның атынан шын жүректен алғысымды айтамын.
Осылайша жомарт жанның ізгі ісіне алғысын жаудырған азаматтың жанарынан қуаныш отын да байқадық. Бұл жомарт жүрек иесі, балқаштық кәсіпкер Нарымбет Әбдібаевтың тек біз білетін қайырымды істері ғана, ал біз білмейтіні қаншама?!
Ол өзінің ұзақ жыл бойғы еңбек жолында өзін жоғары білімді маман, ұжым жұмысын шебер ұйымдастыра білген, білімді, іскер басшы ретінде көрсете білді. Нарымбет Тұлғабайұлы – жұмыста талапкер басшы болса, ал отбасында қамқор әке, немерелерінің сүйікті атасы. Өмірлік жары Алма Советқызымен бірге қызы Мөлдірді ұясына қондырып, ұлдары Жандос пен Бөріхан қазіргі уақытта ел игілігі жолында қызмет атқаруда. Тұңғышы Жандос Нарымбетұлы бүгінде Жамбыл облысының прокуроры қызметінде болса, Бөріхан Әбдібаев Алатау қаласы әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқаруда. Қызы Мөлдір болса, кәсібінен нәсібін терген жеке кәсіпкер. Үш перзентінен 11 немере сүйген шағында, тағдырдың жазуымен Нарымбет ағаның өмірлік серігі Алма дүниеден өткен.
Нар тұлғалы азаматтың жарына деген сағынышы бір бөлек. Балқаш ауданы орталығында салынған әсем қонақүй кәсіпкер жарының есімімен аталады. Аталған қонақүй Балқаш өңіріне келген қонақтарды күтуге таптырмайтын орын десе де болады. Ғимарат бөлмелері ою-өрнектермен әсемделіп, қазақи нақышта көркемделген. Ондағы меңгеруші Жазира Болтаеваның айтуынша, мұнда 8 адам жұмыспен қамтылып отыр. Қонақ бөлмелерге сұраныс та жоғары. Одан бөлек, мұнда сән салоны да орын тепкен. Нарымбет аға мұнда тек қонақүй мен сән салонын ғана ашпай, аудан балаларының бір сәт алаңсыз демалуы үшін ауласындағы бассейннің де құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Нарымбет Тұлғабайұлының айтуынша, бұл – өңірдегі балалардың болашағы үшін жасалып отырған игі іс.
Кейіпкерлеріміздің ел игілігі жолындағы еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасы Президентінің «Ерен еңбегі үшін», «Құрмет», «Халық алғысы» медальдарымен наградталған. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы еңбегі үшін «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісін иеленсе, ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл», «Астанаға – 20 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл» мерекелік медальдарымен, сонымен қоса ҚР Халықаралық бизнес-рейтингін ұйымдастыру комитетінің «Кәсіби саладағы сіңірген еңбегі үшін», ҚР Ұлттық Ұланының Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Р.Жақсылықовтың «Қазақстан Республикасы құқық қорғау әскеріне – 25 жыл», «Спорт жұлдыздары» журналы редакциясының «Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен наградталған. Облыс әкімінің Алғыс хатымен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталса, 2013 жылы «Балқаш ауданының Құрметті азаматы» атағын алған, Желтораңғы ауылы халқының Құрмет грамотасын иеленген. Бірақ бірнеше кәсіпті бір арнаға тоғыстырған игі істер иесі Нарымбет Әбдібаев үшін өңірдің әлеуеті артып, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруынан артық марапат жоқ. Өйткені елдің өркендеуі мен халықтың алғысы – кез келген атақ пен марапаттан да биік!
Алтынай СЕЙІТКЕН
Балқаш ауданы


