Президенттің «Заң мен тәртіп» қағидатын дәріптеу, әскери қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру және заңнамалардағы өзекті өзгерістерді түсіндіру мақсатында 6654 әскери бөлімінде Алматы облысы Әділет департаменті өкілдерінің қатысуымен ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Іс-шараға 6654 әскери бөлімінің әскери полиция қызметінің бастығы, подполковник Серік Ниязбеков қатысып, жеке құраммен кездесу өткізіп, әскери қызметшілердің құқықтық мәселелерге қатысты қойған сұрақтарына жауап берді. Ол заң талаптарын сақтау, әскери тәртіпті нығайту және құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Кездесу барысында Алматы облысы Әділет департаменті Әкімшілік бөлімінің бас маманы Салтанат Мұқашева «Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы жаңашылдықтар» және «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметті өткеру кезеңдері» тақырыптарында баяндама жасап, қолданыстағы заңнамадағы өзгерістерді түсіндірді. Алматы облысы Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы Мақсат Бәкір авторлық құқықты қорғау, зияткерлік меншік объектілерін заң талаптарына сәйкес пайдалану және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне тоқталды. Алматы облысы Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру жұмысы және заң қызметтерін көрсету бөлімінің бас маманы Айша Қалиақпар адвокаттар мен нотариустардың қызметі, сондай-ақ мемлекет кепілдік берген тегін заң көмегін алу тәртібі туралы жан-жақты ақпарат берді. Жеке сот орындаушысы Ғалым Алтынбекұлы мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының қызметі, мүлікке қойылған тыйымды алып тастау және алимент өндіру мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, жеке нотариус Азамат Мелдеханұлы атқарушылық жазба институтының құқықтық негіздері мен оны қолдану тәртібін түсіндірді. Кездесу соңында әскери қызметшілер өздерін толғандырған құқықтық сауалдарын қойып, сала мамандарынан нақты әрі жан-жақты жауап алды. Мұндай кездесулер әскери қызметшілердің құқықтық білімін арттыруға, заң талаптарын сақтауға және құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болып табылады.
6654 әскери бөлімінің баспасөз қызметі

