Перейти к содержимому
Главная страница » Абай мұрасы – ұлттық рух пен әскери тәрбиенің темірқазығы

Абай мұрасы – ұлттық рух пен әскери тәрбиенің темірқазығы

Ұлттық рухты нығайту, тарихи сананы қалыптастыру және жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу – бүгінгі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы тағылымды бастамалардың бірі ретінде Абай күніне орай, Қонаев қаласында «Абай тағылымы және әскери тәрбие» атты танымдық-рухани іс-шара ұйымдастырылды. Алматы облыстық орталық әмбебап және Қонаев қалалық кітапханаларының ұйымдастыруымен өткен шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6654 әскери бөлімінің әскери қызметшілері, ҚР Қорғаныс министрлігінің 62064 және 58012 әскери бөлімдерінің өкілдері, кітапхана қызметкерлері мен зиялы қауым қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын кеңінен насихаттау, оның шығармаларындағы елдік, ерлік, адамгершілік, білім мен еңбекке үндейтін асыл қағидаларды дәріптеу, сондай-ақ әскери қызметшілердің бойында ұлттық құндылықтарды, жоғары патриоттық сезімді және жауапкершілікті қалыптастыру болды. Іс-шараның ашылуында Абай Құнанбайұлының қазақ халқы үшін ғана емес, күллі адамзат өркениеті үшін орны ерекше екендігі айтылды. Ұлы ақынның шығармалары – уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтпайтын рухани мұра. Оның қара сөздері мен өлеңдері адамның бойындағы адалдық, әділдік, еңбекқорлық, білімге құштарлық, елге қызмет ету секілді қасиеттерді дәріптейді. Бұл құндылықтар әскери қызметтің де негізгі қағидаларымен үндесіп жатыр.

Кездесу барысында «Ұлы даланың ұлы ақыны – Абай» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, ақынның өмір жолы мен шығармашылығына арналған әдебиеттер көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, қатысушылар Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнероликті тамашалап, оның өмірлік ұстанымдары мен философиялық көзқарастары туралы мол мағлұмат алды. Шараның маңызды бөлігі – әскери қызметшілер мен кітапхана мамандары арасындағы еркін пікір алмасу болды. Қатысушылар Абайдың шығармаларында көрініс тапқан ұлттық құндылықтардың қазіргі қоғамдағы маңызына тоқталып, ұлы ақынның жастар тәрбиесіндегі рөлі туралы ой бөлісті. Әсіресе, әскери қызметшілер үшін тәртіп, жауапкершілік, адалдық, білімге ұмтылу және елге қызмет ету секілді қасиеттердің Абай мұрасында кеңінен көрініс табатыны ерекше аталып өтті.

Іс-шара барысында ұйымдастырылған танымдық викторина мен зияткерлік ойындар әскери қызметшілердің Абай шығармашылығына деген қызығушылығын арттыра түсті. Қатысушылар өз білімдерін сынап қана қоймай, ұлы ақынның өмірі мен әдеби мұрасы жөніндегі таным көкжиегін кеңейтті. Мұндай форматтағы кездесулер әскери қызметкерлердің мәдени-рухани деңгейін көтеруге, ой-өрісін кеңейтуге және ұлттық тарих пен әдебиетке деген құрметін арттыруға ықпал етеді. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6654 әскери бөлімінде әскери даярлықпен қатар, жеке құрамның рухани-адамгершілік тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінеді. Әскери қызметші тек қару ұстауды меңгерген маман ғана емес, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін, тарихын білетін, халқына адал қызмет ететін тұлға болуы тиіс. Осындай тәрбиелік мәні бар, тағылымы мол іс-шаралар сарбаздардың бойындағы патриоттық рухты күшейтіп, олардың Отан алдындағы жауапкершілігін тереңдете түседі.

Абайдың «Толық адам» ілімі – бүгінгі әскери қызметшілер үшін өмірлік бағдар. Ақын дәріптеген ақыл, қайрат және жүрек үйлесімі – кез келген азаматтың, әсіресе Отан қорғаушылардың бойынан табылуы тиіс қасиеттер. Ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскери қызметшілер үшін адалдық, тәртіп, табандылық және адамгершілік – күнделікті қызметтің басты ұстанымдары. Осындай тағылымды кездесулер ұлттық рухты нығайтып қана қоймай, әскери қызметшілердің мәдени дүниетанымын байытады. Ұлы Абайдың өнегелі мұрасы жас сарбаздардың бойында туған жерге деген сүйіспеншілікті, елге адал қызмет ету сезімін және ұлттық сана-сезімді қалыптастыруда маңызды рөл атқара береді. Сондықтан мұндай рухани-танымдық шаралар болашақта да жалғасын тауып, әскери ортадағы тәрбиелік жұмыстың маңызды бөлігі болып қала бермек.

Альбина ҚЫРҒЫЗБАЙ, ҚР Ұлттық ұланы 6654 әскери бөлімінің бөлініс және кітапхана бастығы, кіші сержант.