Перейти к содержимому
Главная страница » АБАЙ МҰРАСЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

АБАЙ МҰРАСЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының туған күні қарсаңында Топар ауылдық кітапханасында «Жүйріктен жүйрік озар» атты әдеби сайыс өтті. Рухани кеш ұлы тұлғаның мол мұрасын ұлықтап, жас ұрпақтың бойына ұлттық өнер мен сөз өнерінің нәрін сіңіру мақсатында ұйымдастырылды.

Шара шымылдығы Абайдың сырлы да сазды өлеңдерімен ашылып, жиналған қауымды әуезді поэзияның тұңғиық әлеміне жетеледі. Кеш барысында Топар ауылдық кітапханасының кітапханашысы Лаура Шалданбаева оқырмандарға ақынның өмір жолы мен бай шығармашылығына арналған арнайы кітап көрмесін таныстырып, ұлы мұраның терең мән-мағынасын кеңінен түсіндірді.

Білім мен өнер жарысқан тартысты сайысқа Топар орта мектебінің 6-сынып оқушылары мен кітапхананың белсенді жас оқырмандары қатысты. Білім додасында қатысушылар «Абай мұрасы» және «Парасат» атты екі топқа бөлінді. Әр топтың құрамында бес қатысушыдан өнер көрсетіп, ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін жатқа айтып, олардың мән-мағынасын тереңнен талдады.

Топардың жас дарындары өздерінің білімдерін, тапқырлықтары мен өнерлерін ортаға салып, Абай сөзінің арада қанша жыл өтсе де өзектілігін жоғалтпағанын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сайыс қорытындысы бойынша білімділігі мен көркем мәнерлеп оқу шеберлігін танытқан «Абай мұрасы» тобы жеңіске жетіп, бірінші орынды иеленді. Сайысқа белсене қатысқан барлық оқушыларға арнайы Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

«Адамның адамшылығы — ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», — деген Абайдың тағылымды сөзі бүгінгі жас ұрпақ үшін де өз мәнін жойған жоқ. Ұлы ақынның шығармаларын насихаттауға арналған бұл шара оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, ұлттық әдебиетімізді тереңірек тануына жол ашты.

Топар ауылдық кітапханасының кітапханашысы Лаура Шалданбаева ұйымдастырған тағылымды шараға Топар орта мектебінің 6-сынып оқушылары белсене қатысып, Абай мұрасын зерделеуде өз қызығушылықтарын танытты.

Ұлылардың сөзі өшпейді, Абай салған сара жол мәңгілік!

Алтынай СЕЙІТКЕН