Интернет өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған сайын, онлайн кеңістіктегі қауіптер де көбейіп келеді. Қазір алаяқтар азаматтарды алдау үшін түрлі әдістерді қолданады: жалған қоңырау шалады, жалған сілтеме жібереді, банк қызметкері ретінде таныстырады немесе жоғары табыс уәде етеді.
Әсіресе қаржылық пирамидалар азаматтардың оңай әрі тез ақша табуға деген қызығушылығын пайдаланады. Мұндай схемаларда алғашқы қатысушыларға пайда көрсетіліп, кейін жаңа адамдарды тарту талап етіледі. Алайда тұрақты табыс әкелетін нақты экономикалық модель болмаған жағдайда мұндай жүйенің ұзаққа баруы екіталай.
Интернет алаяқтығынан қорғанудың басты жолы – ақпараттық сауаттылық. Азамат ешкімге банк картасының деректерін, құпия сөзін немесе SMS арқылы келген кодты бермеуі керек. Күмәнді сілтемелерге өтпеу және бейтаныс адамдардың ұсыныстарына асығыс сенбеу де маңызды.
Қаржылық сауаттылықты арттыру – алаяқтықпен күрестің ең тиімді құралдарының бірі. Себебі алаяқты жазалаудан бұрын, оның құрбаны болмаудың жолын білген әлдеқайда тиімді.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ

