Кеген кітапханасында аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Қуанышбек Төлепбердиев, аудандық Мәдениет үйі мен Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызметкерлері және кітапхана оқырмандарының қатысуымен «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» атты поэзия кеші өтті.
Шараны жүргізген ақын Аршын Нұрбақыт қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың мұрасы – мәңгілік қазына, әлем халқы бас иген дара ақынымызды ұрпақтан-ұрпаққа насихаттау – ортақ міндет және елімізде 10 тамыз – Абай күні болып белгіленуі барша қазақстандықтар үшін зор мақтаныш екенін жеткізді.
Аудандық аналар кеңесінің төрағасы Бақытгүл Көнеева, кітапханашы Маржан Әбдіхалықова және аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Қуанышбек Төлепбердиев сөз сөйлеп, ұлы ақынның шығармашылығы хақында ой бөлісті. Олар Абайдың «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген қанатты сөзін негізге ала отырып, әрбір қазақ баласы осы асыл қасиеттерді бойына сіңіргенде ғана өмірде биік жетістіктерге жететінін атап өтті. Сондай-ақ оқырмандарға ақынның өлеңдері мен қара сөздері арқылы өнегелі ақыл-кеңестер беріп, жастарды білімге, еңбекқорлыққа және адамгершілікке үндеді.
Кеште ұлы ақынның әндері шырқалды. Аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Мақсат Бөтеев бастаған өнерпаздардың орындауындағы «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» атты Абай туындылары жиналған көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы

