Перейти к содержимому

Мәдени-шығармашылық байқау өтті

59 қаралым

Алматы облысы аудандары мен қалалары арасында дәстүрлі түрде  өткізіліп келе жатқан «Ауылым – алтын бесігім!» атты  ауқымды мәдени-шығармашылық байқауы Райымбек ауданында   жалғасын тапты.

Ауыл мәдениетін көтеріп, ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртып, ауылдық Мәдениет үйлері мен өнерпаздардың деңгейін арттырып, талантты жастарды қолдауды мақсатында ұйымдастырылған мәдени-шығармашылық байқауда  Райымбек ауданының мәдениет саласы өкілдері бас қосып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ерекше өнер үлгісін көрсетті.

Аспантаулар өлкесінің мәдени тынысын танытқан бұл басқосу өнер мен өнегені, салт пен дәстүрді, шеберлік пен шығармашылықты бір арнаға тоғыстырды. Мәдени шара ауылдың рухани әлеуетін айшықтап қана қоймай, ұлттық мұраның бүгінгі ұрпақ үшін де бағасы биік екенін тағы бір мәрте аңғартты.

Мерекелік шара Баққожа Мұқай атындағы аудандық Мәдениет үйінде қонақтардың  ұлттық қолөнер бұйымдары мен шығармашылық жұмыстар қойылған көрмелерді тамашалауынан басталды. Көздің жауын алатын ұлттық бұйымдардың әрқайсысынан бабадан қалған бедер, шебердің қолтаңбасы, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымының ізі сезілгендей. Ағашқа жан бітіріп, оюға өрнек дарытқан, қарапайым дүниенің өзінен көркемдік тапқан қолөнер иелерінің еңбегі – ұлттың эстетикалық талғамы мен танымдық зердесінің көрінісі.

Шараның салтанатты ашылуы ерекшелігімен есте қалды. Райымбек аудандық «Хантәңірі» халық театрының  көрінісі көрерменді өнер әлеміне жетелеп, мерекелік көңіл күйдің шымылдығын ашты.

Райымбек ауданының мәдениет деңгейін бақылап, сараптап, өз бағасын беретін қазылар алқасы да ерекше құрметпен таныстырылды. Атап айтсақ,  «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров,  «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Суретшілер одағының, Дизайнерлер одағының және Қолөнершілер одағының мүшесі, Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің директоры Дәулет Дәркембайұлы,  «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблінің бас балетмейстері Ғазиза Әбдиева және  ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының директоры Ержан Тоқтар, әнші, мәдениет саласының үздігі, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының әншісі Мәншүк Тұрсынғазина мен мәдениет саласының үздігі, осы филармонияның «Қобыз сарыны» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі Бекназар Какалейов сынды еліміздің мәдениет саласындағы тегеурінді тұлғалар ауыл мәдениетінің озық үлгісіне куә болып, лайықты бағасын беру үшін шекаралы ауданға арнайы атбасын бұрып, кереметтей кештің куәсі болды.  Әдебиет пен әуенді, сахна мен қолөнерді тоғыстырған мұндай құрам өнердің бір ғана бағытпен шектелмейтінін, оның тұтас халықтың рухани әлемін қамтитынын көрсетеді.

Мәдени шара барысында алғашқы құттықтау сөз кезегі Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбетәлиевке және Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Олжас Атаевқа берілді.

Іс-шараның салтанатты ашылу рәсімі өз мәресіне жетіп, келесі кезекте көрермен назарына аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды. Аудан көркемөнерпаздарының арнайы концерттік бағдарламасы тіптен тосынсыйларға толы болды. Мың бұрала билеген қыздар, әуелете ән салған жезтаңдай әншілер, көріністегі сахна мәдениетіне еркін төселіп, өз рөлін қалтқысыз сомдаған өнерпаздар, барлығы-барлығы Райымбек ауданының мәдениетінің жаңа деңгейге көтерілгеннің анық дәлелін көрсете білді.

Ауқымды іс-шараға атсалысқан әрбір өнерпаздың, сала қызметкерлерінің мақсаты біреу ғана. Туған өлкенің мәдени байлығын көпшілікке таныту, өнерге ынтық жас буынға үлгі көрсету, дәстүрлі мұраның өміршеңдігін паш ету. Өнер бәйгесі шығармашылық қабілетті шыңдаумен қатар, ауыл адамдарының еңбегіне құрметпен қарауға, ұлттық құндылықтарды бағалауға үндейтіндей.

Хантәңірінің асқақ шыңдарына қарап бой түзеген Райымбек жерінде өткен бұл мәдени шара ауылдың рухани әлеуетін танытып, ұлттық өнердің мерейін үстем етті. Өйткені ауыл – қазақтың алтын бесігі ғана емес, елдіктің тамыры, өнердің тұғыры, болашақтың бастауы. Сол бесіктің тербелісі тоқтамай, әні мен жыры ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бергей!

Ақерке БИЖАН

Райымбек ауданы

↑