Перейти к содержимому

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР НАСИХАТТАЛДЫ

108 қаралым

Облыс көлемінде өтіп жатқан «Ауылым – алтын бесігім» атты аудан, қала Мәдениет күндері байқауы Қонаев қаласында жалғасты. Ауылдың абыройын асқақтатып, ұлттық құнды­лықтарды ұлықтап, төл өнерді өрістететін байқауға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров, ұста Дәркембай атын­дағы қолөнер музейі­нің директоры Дәулет Дәркембай­ұлы, «Алтынай» мем­лекеттік халық биі ансамблінің бас ба­летмейстері Ғазиза Әбдиева, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының дирек­­торы Ержан Тоқтар, Сүйінбай атындағы облыстық филар­мония әншісі Мәншүк Тұрсынғазина, «Қобыз сарыны» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетек­шісі Бекназар Какалейов төрелік етті. Алғашқы сөз Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіхановқа берілді.

– Халқымыз үшін ауыл – алтын бесік. Ол – ұлттық тәрбиенің бастауы, салт-дәстүріміздің қайнар көзі. Ауыл мәдениетін дәріптеу – ұлттық мұрамызды сақтау мен ұрпақ сабақтастығын нығайтудың маңызды жолы. Бүгінде Қонаев қаласында мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қалалық кітапхана мен Мәдениет үйі жөнделіп, орталық алаңның сахнасы жаңартылды. Сарыбұлақ ауылында мәдени-демалыс клубы ашылды. Қаладағы 10 ескерткіш абаттандырылып, қалпына келтірілді. «Қонаев әуендері» ансамблі құрылды. Жастар театры жұмысын бастап, 6 спектакльді репертуарына енгізді. Қалалық мәдениет қызметкерлері ауылдарға көшпелі концерттер ұйымдастырып келеді. Соның бірі – «Шеңгелді Fest» мәдени іс-шарасы. Бұл бастамалар – ұлттық өнерді қолдауға және қаламыздың мәдени өмірін байытуға бағытталған маңызды қадамдар, – деді шаһар басшысы. Одан кейін облыстық мәде­ниет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбетәлиев жиналған қауымды мәдени шараның ашылуымен құттықтады.
Іс-шара аясында қалалық Мәде­ниет үйі ал­дын­­дағы алаңда қалалық кітапхананың көш­пелі кітап көрмесі, қолөнер шебер­лерінің қолы­нан шыққан ұлттық нақыштағы бұйымдар мен халқымыздың салт-дәстүрлері көпшілік наза­рына ұсынылды. Шеңгелді ауылдық Мәдениет үйі жанынан ашылған Қабан жырау атындағы жыршы-термешілер мектебінің шә­кірттері термені төгілдіріп, тыңдармандар­дың құлақ құрышын қандырды. Сахна төрінде «Қонаев әуендері» ансамблі ұлтымыздың ұлы тұлғаларының шығармаларын орындап, үлкенді-кішілі көрермендерді өнердің кәусар бұлағынан сусындатты.
Әділқазылар алқасы мен жиналған қауым қалалық Мәдениет үйінің фойесінде өткізілген эко-көрмені тамашалап, өз бағасын берді. Байқау талабына сәйкес Мәдениет үйлерінің ішкі безен­дірілуі, көгалдандырылуы, төлқұжаттары, жоспары, өткізілген көпшілік-мәдени шаралар мен портфолиолары, қолөнер шеберлері, зергерлер, суретшілердің бұйымдары, ұмыт болған ұлттық салт-дәстүрді, аудан, қаладан шық­қан ұлы тұлғаларды насихаттау, «Халықтық», «Үлгілі» атағы бар ұжымдардың және жаңадан құрылған театрлардың қойылымдары, «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» бағдарламаларының орындалуы қазылар алқасының назарынан тыс қалмады.
Облыста жыл сайын дәстүрлі түрде ұйым­дастырылып келе жатқан ауылдың мәдени әлеуетін саралап, шығармашылық жетістігін танытуға, озық тәжірибелерді дәріптеуге бағыт­талған байқау Қонаев жастар театры мен мен қалалық Мәдениет үйі өнерпаздарының концертіне ұласты.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

↑