Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / «Елге қызмет» – елдік әңгіменің өзегі

«Елге қызмет» – елдік әңгіменің өзегі

53 қаралым

Елімізге танымал журналист Қымбат Досжанның «Елге қызмет» атты авторлық бағдарламасының қонағы болу үшін осыдан тура бір жыл бұрын тұсауы кесілген «Qonaev Media» Алматы облыстық телеарнасының Алматы қаласындағы филиалының табалдырығынан аттадық. Өйткені, қонағы осы жолдардың авторы емес, біз бар болғаны ұйымдастырушымыз, журналистпен ҰҚК Шекара қызметінің ардагері, отставкадағы генерал-майор Марат Мәжитов сұхбат құрды.
Атының өзі айтып тұрғандай, «Елге қызмет» – туған Отанына адал қызмет еткен азаматтарды халыққа танытып, кейінгі буынды елжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеуді мақсат еткен тағылымды бағдарлама. Біз де осыны ескере отырып, саналы ғұмырын ел шебінің тыныштығы мен тұтастығына арнаған Марат Әлімжанұлымен байланысып, аға буын ардагерлер атынан телеарнаға сұхбат беруге шақырған едік. Көпті көрген сардар өтінішімізді жерге тастамай, белгіленген уақытта студияға келді.
Журналист Қымбат Досжанның шекара, шекарашы тағдыры мен елге қызмет туралы сауалдарына Марат Мәжитов байыппен жауап берді. Әңгіме барысында оның өмір жолы, офицерлік қызметі, шекараның қатаң тәртібі мен жауапкершілігі, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның Шекара қызметі қалыптасқан кезеңдегі тарихи сәттер кеңінен сөз болды. Туған жер, өскен орта, ата-ана, бауыр-дос, бәрі-бәрі шұрайлы әңгіменің өзегіне айналған.
Шекара мен шекарашы. Бұл екі ұғым Марат Мәжитовтың өмір жолында егіз ұғымдай қатар өрілді. Өткен ғасырдың сонау 80-жылдарында шалғайдағы заставалардың бірінде қызметін бастаған жас лейтенант ел шебінің күндіз-түні жалғасатын ауыр да абыройлы қызметін басынан өткерді. Отан-ана қайда жұмсады – сонда барды. Қызмет баспалдақтарынан абыроймен көтеріліп, шекара ісінің талай белесін артқа тастады. Әрбір сарбаздың арманы – генералға дейін жетті.
Офицер өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі – Қазақстан Республикасының Шекара қызметі құрылған тұс. Сол кезде Марат Мәжитов туған елінен алыста еді.
Бұл тарихи сәтті ол ерекше толқыныспен еске алады: «Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстанның өз Шекара қызметі құрылғанын естігенде, үлкен қуанышқа бөлендім. Жырақта жүрген бізге жаңа жол ашылғандай болды. Асыға-аптыға туған, кіндік қаным тамған жеріме жеттім».
Бұл – бір офицердің ғана қуанышы емес, ел тағдырындағы үлкен өзгерісті жүрегімен сезінген тұтас бір буынның толғанысы еді.
Өйткені шекарашы үшін ел шебі – жай ғана қызмет орны емес. Ол – Отанның басталар тұсы, мемлекеттің айбыны мен айғағы. Ал сол шепте тұрған сарбаз бен офицерге жүктелер жауапкершілік те өлшеусіз.
Сондықтан Марат Мәжитовтың «Елге қызмет» бағдарламасындағы әңгімесі бір адамның өмір жолын баяндаумен шектелмейді. Оның әрбір сөзі – шекарада өткен жылдардың шежіресі, ел тәуелсіздігінің алғашқы кезеңдеріндегі жауапты қызметтің көрінісі. Ал біз – түсірілім тобының тасасына «тығылған» күйде, ардагердің әр сөзін қалт жібермей, қызыға тыңдап отырмыз. Әңгіме біртіндеп бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне ойысты. Бір кезде журналист көптің көкейінде жүрген сауалды көлденең тартты:
– Қазір жастарды көшеден ұстап, әскерге алып кетіп жатқан жағдайларды естіп-біліп жүрміз. Осы дұрыс па?
– Мен мұны қолдамаймын. Бұл дұрыс емес. Өйткені жас жігіттің жүрегінде «Туған еліме қызмет етейін, Отанымды қорғайын» деген ниет, санасында осындай түсінік болмаса, оны күштеп әскерге әкелгеннен не пайда? Әскер – тек форма киіп, қару ұстау емес. Оның мәнін түсіну керек. Елге қызмет етуге деген ішкі дайындық болуы керек, – деді ардагер.
Бұл – бізге де ой салды. Өйткені ел қорғау – сырттан таңылатын міндет емес, жүректен шығатын азаматтық парыз. Марат ағаның айтпағы да осы еді. Ендеше, елге қызмет дегеніміз осы емес пе?!
Міне, бір сағатқа жуық сұхбат барысында айтылған естеліктер мен тағылымды әңгімелер көрерменге жол тартты. Ал біз үшін бұл кездесу – шекара тарихын жасаған азаматтардың өнегелі жолын кейінгі ұрпаққа жеткізудің тағы бір мүмкіндігі болды.
Сұхбат аяқталған соң авторлық бағдарламаның жүргізушісі Қымбат ханым бізге телеарна ұжымының тыныс-тіршілігімен таныстырып, қазақ халқының біртуар перзенті Димаш Қонаевтың портретінің алдында суретке түсуге шақырды… Ал шекарашы ардагер қонақ болған бағдарламаның өзі алдағы аптада көрерменге жол тартады.

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,

ҰҚК Шекара қызметі
Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы

↑