Өңірімізде авиация мен туризмді, отбасылық демалыс пен заманауи мәдениетті бір арнаға тоғыстыратын «Байсерке аспаны – 2026» авиашоуына қызу дайындық жүріп жатыр. 16 тамыз күні Байсерке аэродромында өтетін ауқымды шараның мазмұны мен ұйымдастырылу деңгейі өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында кеңінен таныстырылды. Брифингте облыстық туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы мен жобаның ұйымдастырушысы Аэлита Федорова авиашоудың биылғы ерекшеліктері, қауіпсіздігі, көлік логистикасы, әлеуметтік бағыты мен көрермендерге ұсынылатын бағдарламасы жөнінде жан-жақты мәлімет берді.
Алғашқы болып сөз алған Қуанышбек Мирамбекұлы Алматы облысының туризм саласындағы әлеуеті жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, өңір бүгінде туристерді тарту көрсеткіші бойынша республикадағы алдыңғы үштікте. Шетелдік туристердің келуі жағынан Алматы облысы Астана және Алматы қалаларынан кейінгі орында тұр. Биылдың өзінде өңірде туризмді ілгерілетуге бағытталған отызға жуық фестиваль өткізу жоспарланған. Солардың ішінде «Байсерке аспаны – 2026» өзінің мазмұны мен ауқымы жағынан айрықша жобалардың бірі екенін айтқан басқарма басшысы өз сөзінде:
Байсерке аэродромындағы авиашоу биыл үшінші рет ұйымдастырылмақ. Өткен жылы шараға 10 мыңнан астам адам қатысса, биыл ұйымдастырушылар 20 мыңға жуық көрермен қабылдауға дайындалып отыр. Жобаның халықаралық деңгейдегі авиациялық фестивальдер қатарында танылуы да оның ауқымын аңғартады. Арнайы веб-ресурстардың іске қосылуы арқылы авиашоудың халықаралық аудиториясы кеңейіп, жобаға деген қызығушылық арта түскен, – деді.
Келесі кезекте биылғы авиашоудың ұйымдастырылу барысына тоқталған Аэлита Федорова өткен жылғы тәжірибе мен көрермендердің пікірлері мұқият сараланғанын айтты. Ұйымдастырушылар үшін биылғы басты міндеттердің бірі – көрерменге әуедегі әсерлі көріністі ғана ұсынып қоймай, оның әр сәтін жайлы әрі қауіпсіз жағдайда тамашалауына мүмкіндік жасау.
16 тамыз күні Байсерке аэродромының аумағы көрермендер үшін сағат 10:00-де ашылады. Негізгі ұшу бағдарламасы сағат 12:00-де басталады. Оған дейін келген қонақтар авиациялық техникамен жақынырақ танысып, авиамодельдердің көрсетілімдерін, әуе шарларын тамашалай алады. Балаларға арналған интерактивті алаңдар, фуд-корттар мен демалыс орындары да жұмыс істейді. Яғни шараға келген адам негізгі авиашоуды күтумен ғана шектелмей, таңғы уақыттан кешке дейін мазмұнды демалыс өткізуіне барлық мүмкіндік қарастырылған. Ал түскі сағат 12:00-де көпшілік асыға күтетін негізгі авиациялық бағдарлама басталады. Көрермендер демонстрациялық ұшуларды, жоғары пилотажды, парашюттік шоуды, купольді акробатиканы және авиамодельдердің өнерін тамашалайды. Әсіресе Як-18Т, Як-52 және Як-55 ұшақтарының жоғары пилотаж көрсетуі авиашоудың ең әсерлі көріністерінің біріне айналмақ, – деп биылғы бағдарламаның ерекшеліктерін тарқатты.
Сондай-ақ Аэлита Халиловна көрермендер үшін әуедегі әрбір қимылды түсіндіретін кәсіби авиациялық комментатордың жұмыс істейтінін айтып өтті. Бұл арқылы көрермен әдемі ұшуды сырттай тамашалап қана қоймай, сол көріністің артында тұрған кәсіби шеберлік пен авиациялық еңбекті бағаламақ. Спикер өз сөзінде авиашоудың арнайы қонағы Қазақ ғарышкері, Халық Қаһарманы Айдын Айымбетов болатынын айтып, оның шараға қатысуы «Байсерке аспанының» мазмұнын байытып қана қоймай, жас буынға авиация мен ғарыш саласына деген қызығушылықты арттыруға ықпал ететінін жеткізді.
Шараның ауқымы ұлғайған сайын қауіпсіздік мәселесі де алдыңғы қатарға шыққан. Осыған байланысты биыл бұл бағытқа ерекше көңіл бөлініп отыр. Өткен жылы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 50-ден астам құқық қорғау қызметкері тартылса, биыл олардың саны 100-ден асады. Аэродром аумағында ұшу аймағы мен көрермендер орналасатын аумақ нақты ажыратылады. Қауіпсіздікке полиция қызметкерлері ғана емес, медицина мамандары, бақылаушылар, үйлестірушілер мен еріктілер де жұмылдырылады.Ұйымдастырушылардың айтуынша, авиациядағы қауіпсіздік талаптары қандай жағдайда да бірінші орында тұрады. Ұшу бағдарламасының барлық элементі авиациялық қауіпсіздік талаптарына және ауа райының қолайлылығына қарай жүзеге асырылады. Егер метеорологиялық жағдай қандай да бір ұшу элементін қауіпсіз орындауға мүмкіндік бермесе, бағдарламаға тиісті өзгеріс енгізіледі. Бұл ретте көрерменнің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін ешбір тәуекелге жол берілмейді.
Он мыңдаған адамның басын қосатын шарада көлік пен адам ағынын дұрыс ұйымдастыру да аса маңызды. Осы бағытта биыл өткен жылғы тәжірибеге сүйене отырып кіреберістер, автотұрақтар мен жаяу жүргіншілер бағыттары қайта қаралған. Көрермендер үшін екі негізгі кіреберіс жұмыс істейді. Оның бірі – орталық кіреберіс, екіншісі – автотұрақ аймағы. Екі нүктеде де билет бақылауы мен кассалар қарастырылған. Көрермендер легін реттеу мақсатында шамамен 300 турникет дайындалған. Қоғамдық көлікпен келетін тұрғындарға да қолайлы жағдай жасалған. Еркін ауылындағы аялдамадан орталық кіреберіске дейін екі тегін шаттл қатынайды.
Брифинг спикерлері авиашоудың әлеуметтік сипаты да айрықша екенін айта кетті. Авиацияны тек көңіл көтерудің бір түрі ретінде емес, жастарға мамандық таңдауға бағыт беретін танымдық алаң ретінде қарастырады. Өйткені авиация – тек ұшқыштардан тұрмайды. Оның артында инженерлер, техник-мамандар, авиамеханиктер, диспетчерлер, авиациялық қызмет мамандары, авиамодель жасаушылар мен парашют спортының өкілдері бар. Осы арқылы жас көрермендерге авиация әлемінің сан қырлы екенін көрсету көзделген. Әлеуметтік осал және аз қамтылған отбасылардың балаларына, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және басқа да санаттарға биыл шамамен 1500 билет тегін ұсынылады. Бұл шараның қоғамның әртүрлі тобына ортақ болуына мүмкіндік беретін маңызды қадам.
«Байсерке аспаны – 2026» авиациялық бағдарламамен ғана аяқталмайды. Кешкі сағат 17:00-де үлкен ұтыс ойыны өтеді. Оның жүлделері арасында Байқоңырға зымыран ұшыруды тамашалауға жолдама, Kcell смартфоны және Таиландқа авиабилеттер бар.
Байсерке аспаны биыл да көк жүзіндегі ғажайып көріністерімен ғана емес, жоғары деңгейде ұйымдастырылған инфрақұрылымымен, қауіпсіздігімен, әлеуметтік мазмұнымен және туристік әлеуетімен ерекшеленбек.
Құралбек СӘБИТОВ


