Перейти к содержимому

Бала тәрбиесі – басты міндет

18 қаралым

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Кеген ауданы әкімдігінің мәжіліс залында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жетілдіруге арналған комиссия отырысы өтті.

Аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбековтің төрағалығымен өткен жиында балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту мәселелері қаралды.
Комиссия отырысына облыстық балалар құқықтарын қорғау басқармасы құқықтық сүйемелдеу және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Мадияр Шарапов, Кеген ауданы прокуратурасының аға прокуроры Абай Темірғалиұлы, аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция қызметкерлері, ауылдық округтердің әкімдері, білім беру ұйымдарының басшылары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік педагогтер, мектеп психологтары қатысты.
Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков әрбір оқиғаның себеп-салдарын жан-жақты зерделеп, оның қайталануына жол бермейтін нақты ұйымдастырушылық шешімдер қабылдау қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, балалардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – баршаға ортақ жауапкершілік. Сондықтан әрбір уәкілетті орган атқарылған жұмыстармен қатар, анықталған кемшіліктерді жоюдың нақты тетіктерін ұсынуы тиіс.
Комиссия отырысында облыстық балалар құқықтарын қорғау басқармасы жүргізген талдау нәтижелері таныстырылып, анықталған кемшіліктер мен олардың туындау себептері жан-жақты қаралды. Сонымен қатар жауапты мемлекеттік органдардың атқарған жұмыстары, қабылданған шаралар және алдағы кезеңге арналған нақты жоспарлары талқыланды. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп, әрбір баланың қауіпсіз ортада тәрбиеленіп, сапалы білім алуына және толыққанды дамуына жағдай жасау – басты міндеттердің бірі.
Жиын соңында комиссия отыры­сын­дағы шешімдер мен берілген тапсырмалар облыстық комиссияның тұрақты бақылауында болатыны айтылды.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы