Перейти к содержимому
Главная страница » Балаларға шаттық сыйлаған лагерь

Балаларға шаттық сыйлаған лагерь

Жазғы демалыс – әрбір баланың асыға күтетін, қуаныш пен қызыққа толы ерекше кезеңі. Бұл – балалардың бой сергітіп, жаңа достар тауып, шығармашылық қабілеттерін шыңдап, таным көкжиегін кеңейтетін тамаша мүмкіндік. Сондықтан олардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, қауіпсіз әрі мазмұнды демалысын қамтамасыз етуде жазғы сауықтыру лагерьлерінің маңызы ерекше.
Биыл да Балқаш ауданында жазғы лагерь жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жүздеген оқушыға ұмытылмас әсер мен көтеріңкі көңіл күй сыйлауда.
Соның бір жарқын дәлелі – Ақдала орта мектебінде «Бақытты балалық шақ әлемі» атты мектеп жанындағы «Балдәурен» сауықтыру лагерінің үшінші кезеңінің салтанатты ашылуының өтуі.
Мерекелік іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Данияр Нұрманов, Ақдала ауылдық округінің әкімі Нұрбол Нарбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнара Мұқымова арнайы қатысып, балаларды айтулы мерекемен құттықтады.
Салтанатты шарада алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Данияр Болатұлы білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына мемлекет тарапынан тұрақты қолдау көрсетіліп келе жатқанын атап өтті. Ол өз сөзінде: «Ауданымызда бүгінде 22 мектеп жұмыс істейді. Онда 4975 оқушы білім алып, 803 педагог еңбек етуде. 2025–2026 оқу жылында 346 түлек мектеп бітіріп, олардың 282-сі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Ал жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 382 оқушы қабылданады. Жазғы демалыс кезінде 1277 оқушыны лагерьмен қамту жоспарланған. Оның 165-і Жамбыл ауданындағы «Тау Land» лагерінде демалса, қалған 1112 оқушы мектеп жанындағы лагерьлерде тынығуда. Қазіргі таңда аудан бойынша 1222 бала жазғы демалысын көңілді әрі мазмұнды өткізуде», – деді.
Сондай-ақ ол балалардың алаңсыз білім алып, сапалы демалуына бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізіп, лагерь тәрбиеленушілеріне жарқын жазғы демалыс тіледі.
Келесі болып сөз алған Ақдала ауылдық округінің әкімі Нұрбол Ақылбекұлы балалардың шат күлкісі мен бақытты балалығы – еліміздің жарқын болашағының кепілі екенін атап өтті. Ол жас ұрпақтың қауіпсіз әрі қызықты демалысын ұйымдастыруға атсалысып жүрген ұстаздар мен лагерь ұжымының еңбегіне ризашылығын білдірді.
Ақдала ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекен Шыбықбаев та балаларға ақжарма тілегін арнап, ақ батасын берді.
Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласып, өнерлі оқушылар әсем әннен шашу шашып, мың бұрала би билеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Мерекелік көңіл-күйді одан әрі арттыра түскен спорттық және танымдық шаралар балалардың қызығушылығын оятты.
Лагерь аясында асық ату, тоғызқұмалақ, шахмат, футбол жарыстары, сурет салу байқауы ұйымдастырылып, бүлдіршіндерге тегін балмұздақ таратылды.
Мерекенің ең әсерлі сәттерінің бірі аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері ұйымдастырған көрсетілім болды. Өрт сөндіру автокөлігі арқылы балаларға су шашылып, жаздың аптап күнінде ерекше көңіл күй сыйлады. Балалардың шат күлкісі мен қуанышы бұл күннің есте қаларлықтай өткенін айқын аңғартты.
Жалпы аудан көлемінде ұйымдастырылған жазғы лагерьлерде балалар үшін спорттық жарыстар, ұлттық ойындар, шығармашылық байқаулар, танымдық сайыстар және мәдени-көпшілік іс-шаралар тұрақты өткізілуде. Әрбір күн жаңа әсерге, жаңа достыққа және жарқын естеліктерге толы болды.
Балалар түрлі үйірмелерге қатысып, сурет салуды, ән айтуды, би билеуді, қолөнер бұйымдарын жасауды үйренді. Спорттық ойындар арқылы денсаулықтарын нығайтып, салауатты өмір салтының маңызын түсінді. Сонымен қатар бір-біріне қамқорлық жасау, достықты бағалау, ұйымшылдық пен сыйластық сияқты адамгершілік қасиеттерді бойларына сіңірді.
Лагерьдегі тәрбиешілер мен тәлімгерлер әр баланың қызығушылығына ерекше көңіл бөліп, олардың қауіпсіздігі мен жайлы демалысын қамтамасыз етуге бар күш-жігерін салды. Соның нәтижесінде лагерь балалардың шаттық пен қуанышқа толы сүйікті мекеніне айналды.
Осындай жазғы сауықтыру лагерьлері жас ұрпақтың жан-жақты дамуына, бойындағы қабілетін шыңдап, шығармашылық әлеуетін арттыруға және туған жерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға зор үлес қосады. Жазғы демалыстан мол әсер, көтеріңкі көңіл күй және жаңа достармен оралған балалар жаңа оқу жылын тың серпінмен, жаңа мақсаттармен қарсы алатыны сөзсіз.

Бақтығали ДӘУІТБАЙ
Балқаш ауданы