Перейти к содержимому

Басылым күші – оқырманда!

18 қаралым

Ақпарат – уақытпен бірге жаңарып отыратын құндылық. Қоғамдағы өзгерістер, елдің тыныс-тіршілігі оқырманға сапалы әрі сенімді ақпарат арқылы жетеді. Осы тұрғыдан алғанда, мерзімді басылымдардың орны бөлек. Газет-журнал – жаңалық жеткізетін құрал ғана емес, халықтың ой-пікірін қалыптастырып, қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтатын рухани көпір.

Бүгінде ақпаратты телефоннан әп-сәтте оқуға мүмкіндік болғанымен, баспасөздің өзіне тән салмағы мен оқырманға берер тағылымы бар. Газет бетінде жарық көрген әрбір материал ел өмірінің белгілі бір кезеңін айшықтап, кейінгі ұрпаққа тарихтың бір үзігін жеткізеді. Сондықтан баспасөзге жазылу – ақпаратқа деген қызығушылықты ғана емес, ұлттық журналистикаға, төл басылымдарға деген қолдауды білдіреді.
Осыған орай Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова Алматы облыстық «Алатау арайы» және «Огни Алатау» газеттерінің бас редакторларын қабылдады. Мемлекет басшысының зерделі ұлт қалыптастыру үшін ең әуелі оқу мәдениетін дамыту қажеттігі туралы айтқан сөзін бағдар еткен басшылар алда келе жатқан баспасөзге жазылу науқаны жайлы әңгіме өрбітті. Ауданның тыныс-тіршілігі, жағымды жаңалықтары газет бетіне жарияланған сайын марқайып қалатынын жасырмаған Бота Серікқызы газет қашанда «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болып қала беретінін, сондықтан да алдағы науқанда аудан тұрғындарының бұл сапта жоғары көрсеткішке қол жетізетініне сенім білдірді.
Мұнан кейін оқырмандармен кездесу өтті. Әл-Фараби атындағы аудандық кітапханада ине шаншар орын болмады. Аудандық электр торабы қызметкерлері, кітапханашылар, мәдениет және денсаулық саласының мамандары, жастар мен ақсақалдар бас қосқан жиында келелі сөз айтылды. Келісті пікір ортаға салынды. Жиынды Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы жүргізді. Ол дәстүрлі басылымдардың қоғамдағы рөлі мен маңызын атап өтті.
Кездесуде сөз алған Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар: «Қазіргі заманда адамдар айналаны жаулаған түрлі платформадан ақпарат алады. Әрине, оның ішінде пайдалысы да, пайдасызы да бар. Бірақ қазір азаматтар тек ақпарат алумен ғана шектеліп жатыр. Сол ақпарат арқылы білімін жетілдіру, сүзгіден өткізу, тіпті сараптай алу сынды қасиеттерден ада болып барады. Яғни біз дәл осы қарқында дамысақ, сауатты ұлт болудан қаламыз. Қазір бесіктен белі шықпаған баламыздың қолында ұялы телефон. Ол баланың тілін кеш шығарып қана қоймай, ой-өрісінің дамуына да кедергі келтіретінін ғалымдар айтудай-ақ айтып жатыр. Бірақ біз оның зардабын бірнеше жылдан кейін тартатынымызды сезінбей келеміз. Міне, мұның бәрі де – газет-журнал, кітап оқымаудың салдары. Еліміздегі оқуға деген жұтаңдықты аңғарған Мемлекет басшысы да оқитын ұлтты қалыптастыру мақсатында «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын іске асыру үшін Жарлыққа қол қойды. Бұл Жарлық тек науқаншылық болмауы қажет. Іс жүзінде жүзеге асуы тиіс. Сондықтан да газет-журналды серік етіп, отбасымыз бен балаларымызға оқу, мәдениет үйрету – біздің міндетіміз», – деді. Қуаныш Абайбекұлының тұщымды ойлары Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Забира Дайранқызының пікірімен толыға түсті. Ол: «Өзіміз қаңсығын да таңсық етіп жататын шетелде оқу мәдениеті өте жоғары. Әсіресе газет-журнал әр тұрғынның үйінен табылады. Тіпті телеарналар да газетті ресми ақпарат көзі ретінде пайдаланады. Біз ол мемлекеттердің сыртқы құндылығына еліктемес бұрын, олардың сол деңгейге жетуіне ықпал еткен ішкі мәдениеті мен білім-парасатына мән берсек», – деген пікірін жеткізді. Оқырмандар арасында мұндай кездесулер осындай шағын орталарда ғана емес, кең көлемде өткізсе деген ұсыныстар болды. Сонымен қатар жиналған көпшілік қос басылым басшыларына өздерін толғандырған сауалдарын да жолдады. Ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Жалпы бұл күнгі Қарадаладағы халықпен кездесу ойдағыдай өтті. Жиынға қатысқандар жылдағы дәстүрден жаңылмай, газет-журналға жазылуға уәде беріп тарқасты.
Иә, әрбір үйге жеткен газет – қоғамның бүгінгі күнінен сыр шертетін ақпарат көзі. Ал тұрақты оқырман – басылымның өміршеңдігіне үлес қосатын маңызды күш. Сондықтан алдағы жазылым науқанында әр азамат өзіне қажетті ел мен жердің жаңалығын, рухани һәм тағылымды дүниелерді ұсынатын басылымға жазылып, баспасөзді қолдауға үлес қосса, бұл ортақ ақпарат кеңістігіміздің нығаюына қосылған игі қадам болар еді демекпіз.

Анар Дүйсенбайқызы

Ұйғыр ауданы