Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған, жеңілдетілген микронесиелеу бағдарламасы – «Ауыл аманатының» арқасында көптеген азамат өз кәсібін ашып, өмірден өз орнын тауып, сонымен қатар агроөнеркәсіп кешенінің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Бұл жұмысқа Қарасай ауданының тұрғындары да белсенді атсалысуда. Бағдарламаның жүзеге асырылуы туралы Қарасай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сырым Жарқымбаев айтып берді.
Ең алдымен, «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылуы 2022 жылдың қараша айында басталғанын атап өткен жөн. Алғашында бұл Ақтөбе облысында қолға алынған пилоттық жоба болатын. Кейін өзінің тиімділігін дәлелдеген бастама кеңейтіліп, 2023 жылдан бастап республика көлемінде жүзеге асырыла бастады.
Сырым Ақылжанұлының айтуынша, бағдарламаға жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар, жеке қосалқы шаруашылық иелері, жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлер және ауыл шаруашылығы кооперативтері қатыса алады.
Бағдарлама аясындағы жеңілдетілген несиелер өсімдік және мал шаруашылығын дамытуға, кооперативтер құруға, шағын өндіріс орындарын ашуға беріледі. Сондай-ақ олар үй іргесіндегі жер телімдері мен елдімекеннен тыс орналасқан жерлерді тиімді пайдалануға, берік жем-шөп қорын қалыптастыруға, ауыл шаруашылығы кооперативтерін техникалық жарақтандыруға, өнім өндіру, сақтау және өңдеуге, сондай-ақ тауар өндірушілер өсірген немесе өндірген өнімді өткізудегі мәселелерді шешуге бағытталады.
Бағдарламаның негізгі шарттарына келсек, несиелер жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Несие мерзімі қызмет саласына қарай 5 жылдан 7 жылға дейін белгіленеді. Мәселен, мал шаруашылығы бағытындағы жобаларға несие 7 жылға дейін рәсімделеді. Қарыздың ең жоғары мөлшері – 2 500 АЕК, ал ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін – 8 000 АЕК-ке дейін деп айқындалған. Өтінімдер аудан деңгейінде қабылданып, кейін «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жолданады. Айта кетейік, бұл өңірлік даму институты Алматы облысы әкімдігінің бастамасымен 2022 жылдың қазан айында құрылған. Оның басты мақсаты – кәсіпкерлікті қолдау және мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттары негізінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ету.
Корпорация өз жұмысын үш негізгі бағыт бойынша жүргізеді. Біріншісі – инвестиция тарту, коммерциялық жобаларды сүйемелдеу және инфрақұрылымды дамыту. Екінші бағыт – кәсіпкерлікті қолдау, микронесиелер беру, оның ішінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қаржыландыру. Үшінші бағыт әлеуметтік жауапкершілікке негізделген және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруды көздейді.
– Біздің аудан бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жалпы 2,7 млрд теңгеге 313 өтінім келіп түсті, – дейді Сырым Ақылжанұлы. – Оларды қаржыландыру туралы шешімді «Қонаев» ӘКК қабылдайды. Оның ішінде 123 өтінім немесе 40 пайызы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, 104 өтінім қызмет көрсету саласына, 86 өтінім шағын өндірістерге бағытталған. Жалпы 2,3 млрд теңгені құрайтын 263 жоба іске асырылды. Бүгінде 123 қарыз алушыға 1,2 млрд теңге көлемінде несие берілді. Нәтижесінде 193 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 20-сы – мал шаруашылығы, 5-еуі – өсімдік шаруашылығы, 2-еуі балық шаруашылығы саласында ашылды. Сонымен қатар азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, жеңіл өнеркәсіп, қызмет көрсету саласы, жылыжай шаруашылығын дамыту бағыттары да қамтылды. Бұдан бөлек, құс шаруашылығын, атап айтқанда, бөдене өсіру ісін дамытуға да көңіл бөлінуде. Қосымша бес бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға қаржы бөлінді.
Алдағы уақытта жалпы 1,5 млрд теңгені құрайтын 190 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 42 жоба азық-түлік өнеркәсібіне, 41 жоба қызмет көрсету саласына, 39 жоба жеңіл өнеркәсіпке, 32 жоба мал шаруашылығына, 16 жоба құрылыс материалдарын өндіруге бағытталған. Сонымен қатар 11 жоба ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға, ал 9 жоба өсімдік шаруашылығын дамытуға қатысты.
Кооперативтерге келсек, Сырым Ақылжанұлының айтуынша, Қарасай ауданы бойынша 20 кооператив құрылған. Қазіргі таңда олардың тек 6 өтінімі қаржыландырылып, жалпы 158,0 млн теңге бөлінген. Жеңілдетілген несие алғандардың қатарында жиһаз өндірумен айналысатын «Шебер Furniture» өндірістік кооперативі, пластик есік-терезелер шығару бағытындағы «Бекболат Жан и К» өндірістік кооперативі, құрама-жем өндіруді жолға қойған «Ариф Агро» өндірістік кооперативі, мал шаруашылығымен айналысатын «Олжа Береке» өндірістік кооперативі және жылыжай кешенін іске қосқан «ДСК бизнес» өндірістік кооперативі бар. Сондай-ақ бір-бірден этнотуризмді дамыту, металл конструкцияларын жасау, бетон өндіру, құс шаруашылығын дамыту және құрама-жем шығару бағытында жұмыс істейтін ұжымдар бар. Сонымен қатар құрғақ ешкі сүті мен саумал өндіруді жолға қойған «Neo Milk» компаниясы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіпорынның дайын өнімін өткізу үшін кооператив құруға дайын екені де маңызды.
Сырым Ақылжанұлының айтуынша, аудан бойынша «Отбасының цифрлық картасы» аясында «Е» және «D» әлеуметтік санаттарына жататын 87 483 адам тіркелген. «Е» санаты әлеуметтік әл-ауқаттың дағдарыстық деңгейін, ал «D» санаты төтенше деңгейін білдіреді. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға жататын бұл азаматтар мемлекеттік қолдауға мұқтаж және олардың да «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ 2024-2025 жылдары «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру аясында ауданның 112 жеке кәсіпкерінен бюджетке жалпы 52,6 миллион теңге көлемінде салық түскені айтылды.
– Осылайша «Ауыл аманаты» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс деңгейін арттыруға өз үлесін қосып келеді. Сонымен бірге ол микробизнестің дамуына, ауыл тұрғындарын өнімді экономикаға тартуға, жеке қосалқы шаруашылықтар мен ауылдық кооперативтер негізінде жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді, – дейді Сырым Ақылжанұлы. – Осы төрт жылға жуық уақыт ішінде бағдарлама көптеген қатысушының өз кәсібін дөңгелетіп, аяқтан нық тұруына, жеке ісін жолға қоюына және отбасының әл-ауқатын арттыруына көмектесті. Бірі наубайхана немесе кондитерлік цех ашса, енді бірі өзіне-өзі қызмет көрсететін автожуу орнын немесе техникалық қызмет көрсету стансасын іске қосты. Тағы бірі мал мен құс өсіріп, ауыл шаруашылығы дақылдарын егумен айналысса, енді бірі білім беру, оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие саласында кәсібін дамытып келеді. Бағдарламаны іске асыру жалғасуда. Демек, әлі де көптеген азамат мемлекеттік қолдауға ие болып, оны бір жағынан өз тұрмысын жақсартуға, екінші жағынан, ел экономикасын нығайтуға бағыттай алады.
Шағын бизнестің қазіргі нарықтық экономиканың берік іргетасы екені әлдеқашан дәлелденген. Әлемнің жетекші елдерінде ол халықты жұмыспен қамтудың 75 пайызына дейін және жалпы ішкі өнімнің 50 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар ірі корпорациялармен салыстырғанда шағын кәсіпорындар сұраныс пен экономикалық жағдайдағы өзгерістерге әлдеқайда жылдам бейімделеді. Олар қоғамдағы әлеуметтік-саяси тұрақтылықтың негізі саналатын орта таптың қалыптасуына да ықпал етеді.
Мысалы, АҚШ-та шағын бизнес жалпы ішкі өнімнің шамамен 40-50 пайызын құраса, Еуропалық одақ елдерінде бұл көрсеткіш 70 пайызға дейін жетеді. Оның икемді құрылымы технологиялық жаңалықтарды жедел енгізуге мүмкіндік беріп, барлық салалық инновацияның шамамен 25 пайызын қамтамасыз етеді.
Елімізде де кәсіпкерлікті дамыту экономикалық өсім мен азаматтардың әл-ауқатын арттырудың басты қозғаушы күші ретінде танылған. Бүгінде Қазақстанда шағын кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесі шамамен 30-40 пайызды құрайды. «Ауыл аманаты» сияқты жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларының арқасында отандық шағын кәсіпкерлік одан әрі қарқынды дами беретініне сенім мол.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы



