Кеген ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында «Таза бейсенбі» акциясы өтті. Бұл шара азаматтар арасындағы экологиялық мәдениетті нығайтып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталды.
Тазалық шарасына әкімдік, мекеме-ұйымдар қызметкерлері, аудан тұрғындары, жастар қатысты. Бұған дейін «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауданда Көлсай көлдері мен елдімекендер аумағында сенбіліктер ұйымдастырылған болатын.
Акцияның ашылу салтанатында сөз алған Кеген ауданы әкімі Нұрбақыт Теңізбаев аталған іс-шараның маңыздылығына тоқталып өтті.
- Бүгінгі күні ауданымыздағы 34 елдімекенде акция жалғасын табуда. Табиғатымызды аялап ұстап, айналаны тазалауға, абаттандыруға атсалысып жатқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін! Ауданымыз гүлдене берсін! – деді ол.
Экологиялық шарада аудан әкімінің орныбасары Кеңес Қабылбеков аудан көлемінде 730 адам сенбілікке шыққанын атап өтіп, сондай-ақ аудан тұрғындары мен қонақтарын қоршаған ортаны таза ұстауға шақырды.
Бұдан әрі тазалық шарасы Жастар ресурстық орталығының аумағында жалғасты. Экологиялық акцияға қатысушылар Жастар аллеясын қоқыстан тазартып, абаттандырды. Бейберекет өскен шөптерді орып, орындықтарды сырлады.
Жастар ресурстық орталығының аумағында өткен сенбілік нәтижесінде аумақ қоқыстан тазартылып, табиғат аясы ретке келтірілді. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да экологиялық акцияларды жалғастырып, тұрғындарды белсенді қатысуға шақырады.
«Таза Қазақстан» акциясы – табиғатқа деген жауапкершіліктің белгісі. Бір күннің еңбегі – мың күннің игілігі. Туған жерімізді таза ұстайық! Табиғатты аялау – әр азаматтың парызы.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы

