Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / «Бір тіл білген – бір адам, екі тіл білген…»

«Бір тіл білген – бір адам, екі тіл білген…»

42 қаралым

Шекарашылар сапында тағдыры өзгеше, өмір жолы өнеге боларлық әскери қызметшілер аз емес. Солардың бірі – бүгінде ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Саты» шекара бөлімшесінде қызмет атқарып жүрген қатардағы жауынгер Темірлан Надырғалиев. Бір қарағанда, ол Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүрген көп сарбаздың бірі секілді. Алайда Темірланның өзгелерден ерекшелігі бар. Ол – бірнеше тілді меңгерген полиглот. Ағылшын, испан және серб тілдерінде еркін сөйлейді. Екі тілді ортада тәрбиеленгендіктен, қазақ және орыс тілдерін де жетік меңгерген. Ал шет тілдерінің ішінен алғаш ағылшын тілін игерген.
Темірланның тіл үйренуге деген қабілеті мен қызығушылығы оның тоғызыншы сыныптан кейін Испанияға барып, сол елдегі «Aquinas American School» мектебінде білім алуына жол ашқан. Осылайша, 10-11 сыныптарды Испанияда оқып, сол жерде орта білім туралы аттестат алған ол кейін азаматтық авиация саласында ұшқыш болуды армандайды. Бұл арманына да қол жеткізер еді. Алайда Темірлан алдымен ел алдындағы азаматтық міндетін өтеуді жөн санап, әскери қызметін атқару үшін туған Отанына оралды….

Биылғы жылдың ақпанында 20 жасқа толған Темірланмен сұхбат кезінде білгеніміз, ол Шекара қызметінің қатарында қызмет етуге өзі сұраныпты. Біздің «неге?» деген сауалымызға ол: «Өйткені, мен өзімнің әскердегі бір жылымды туған Отанымның қажетіне жаратқым келеді. Әрине, өзге әскери салалар да осал емес. Есесіне, солардың ішінен Шекара қызметі элита болып саналатынын жақсы білетінмін. Бұл туралы әкем екеуміз де аз сөйлескен жоқпыз. Ол менің таңдауыма түсіністікпен қарап, қолдау білдірді. Бірақ, шекарашылар сапына тек мықты жігіттер іріктелетінін айтып, барлық жағынан дайын болуымды ескертті. Қазір мен өзімнің бұл таңдауыма қуанбасам, өкінбеймін», — дейді.
Осындай мақсатпен туған жеріне оралған Темірлан әскерге Астана қаласынан алынып, Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының Ақжардағы техникалық және кәсіби-даярлық бөлімінің табалдырығынан аттады. Осында әскери өмірдің әліппесін танысып, шекарашылық шеберлігін шыңдаған соң «Саты» шекара бөлімшесіне жіберілді.
Ал тіл туралы: «Бір тіл білген – бір адам, екі тіл білген – екі адам» деген тамаша нақыл бар. Тіл үйрену арқылы сол ұлттың мәдениеті мен дәстүрімен, тарихымен танысуға болады», – деген ол өзінің бұл ойын жас жауынгерлердің оқу базасындағы өмірімен танысып, өздерімен сұхбаттасу үшін келген «Қонаев медиа» өңірлік телеарнасының журналисіне де айтқан болатын. Тіпті, өзі секілді бірнеше тілді меңгерген қатардағы жауынгер Дінмухаммед Шәйлін екеуі телекамераның алдында бір-бірімен ағылшын тілінде еркін шүйіркелескендері – көз қуантатын көрініс еді…
Жас жауынгерлер курсын сәтті аяқтаған сарбаз өзінің «Саты» шекара бөлімшесіне баратынын естіген сәттегі қуанышының кемерінен асып төгілгенін ешқашан ұмытпайды.

Шынымды айтсам, Көлсай – табиғаттың таңғажайып тартуы екенін көп естісем де, өзін көру – мен үшін арман болатын. Европа елдерін аз аралаған жоқпын. Бірақ, мынадай сұлулықты еш жерден кездестірген емеспін, – деп ағынан жарылған сарбаз енді күн сайын Көлсайдың жанынан өтеді. Шекара нарядына кетіп бара жатып, ел шебіндегі қызметтен оралып келе жатып… Арасында, өзін тоқтатып, жол сұраған шетелдік туристке ағылшын тілінде жөн сілтейтін сәттері де аз емес. Сондайда қару асынып, өз жолымен кетіп жатқан сарбаздың өз тілінде сөйлегеніне риза болған жателдің жүзіндегі қуанышты көрсеңіз ғой.

Міне, қатардағы жауынгер Темірлан Надырғалиев туралы әзірге айтарымыз осы. Ең бастысы, жас сарбаздың қызметтегі беталысы жаман емес. Мұны «Саты» шекара бөлімшесі бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары аға лейтенант Байнұр Байжұма да: «Темірланда «көрсем, білсем» дейтін ұмтылыс бар. Біздің қызметке осындай жігерлі сарбаздар керек», — деп пісенттей түскен.
Иә, ел шебінде ерлер… әрі полиглот – бірнеше тілде сөйлетін сарбаз жүр!

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК ШҚ Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы