«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Түрген шатқалында кең ауқымды профилактикалық акция ұйымдастырылды.
Іс-шараға «Түрген ауылдық округінің әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесі, Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркінің Түрген филиалы, Алматы облысы және Еңбекшіқазақ ауданының төтенше жағдайлар бөлімдерінің қызметкерлері қатысты.
Акция барысында Түрген шатқалына келген демалушылар мен туристерге өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, Түрген өзені бойындағы қауіпсіздік ережелерін орындау және төтенше жағдайлардың алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар қатысушыларға арнайы ақпараттық брошюралар таратылды.
Табиғатты қорғау және қоршаған ортаның тазалығын сақтау мақсатында демалушыларға қоқыс жинауға арналған қаптар мен қолғаптар үлестірілді. Бұл бастама демалыс орындарындағы тазалық мәдениетін қалыптастыруға және азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталды.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар табиғатты аялауға үлес қосқан демалушыларға алғыс білдіріп, тәттілер тарту етті.
«Мұндай бірлескен іс-шаралар азаматтардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, табиғатты қорғау мен қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Табиғатты қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Сондықтан туған жердің көркін арттырып, қоршаған ортаны қорғауға барша жұртшылықтың белсенді атсалысуы маңызды», – дейді Түрген ауылдық округінің әкімі Ж.Искелдиева.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

