Цифрлық технологиялардың дамуы өмірімізді жеңілдеткенімен, интернеттегі алаяқтықтың жаңа түрлерінің пайда болуына да жол ашты. Бүгінде қылмыскерлер азаматтарды жалған қоңыраулар, хабарламалар, сайттар мен әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы алдауға тырысады.
Әсіресе оңай әрі жылдам табыс уәде ететін қаржылық пирамидалар адамдар үшін үлкен қауіп төндіреді. «Аз ақша сал да, көп пайда тап» деген ұсыныс көбіне азаматтардың сенімін пайдаланып, қаржысын иемденуге бағытталады.
Сондықтан кез келген қаржылық ұсынысқа сын көзбен қараған жөн. Белгісіз адамдарға банк картасының деректерін, құпия сөздерді, SMS арқылы келген кодтарды беруге болмайды. Күмәнді сілтемелерге өтудің де қаупі жоғары.
Интернеттегі қауіптің ең мықты қорғаны — адамның қаржылық және цифрлық сауаттылығы. Асығыс шешім қабылдамай, ақпаратты бірнеше дереккөзден тексеру көптеген қауіптің алдын алады.
Бір сәттік сенім кейде үлкен шығынға әкелуі мүмкін. Сондықтан цифрлық әлемде де басты қағида өзгермейді: сақтық ешқашан артық болмайды.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ
