Абай – ұлт руханиятының темірқазығы, қазақтың ой-санасын жаңа биікке көтерген ұлы тұлға. Оның шығармалары уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтпай, кейінгі ұрпаққа адамгершілік пен білімнің, еңбек пен ғылымның, ел бірлігі мен ұлттық тәрбиенің мәнін ұғындырып келеді. Ұлы ақынның туған күніне орай еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылып, Абай мұрасын насихаттауға ерекше мән берілуде.
Осы мақсатта 10 тамыз – Абай Құнанбайұлының туған күніне орай Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының Еңбекшіқазақ аудандық филиалы мен Есік археологиялық өлкетану музейінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Халықтың ұлы Абайы» атты дөңгелек үстел өтті.
Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттауды, өлеңдері мен қара сөздеріндегі терең ойға үңіліп, Абай көтерген адамгершілік, білім, ғылым, еңбек, ел бірлігі мен ұлттық құндылықтар жөніндегі тұжырымдарды бүгінгі қоғам тұрғысынан талқылап, пікір алмасуды мақсат еткен тағылымды кездесу болды.
Дөңгелек үстелге Есік археологиялық өлкетану музейінің қызметкерлері, Отбасын қолдау орталығының мамандары және Еңбекшіқазақ ауданы ардагерлер ұйымының мүшелері қатысты. Басқосу барысында Абай мұрасының тәрбиелік мәні кеңінен сөз болып, ұлы ойшылдың шығармаларындағы отбасы құндылықтары, адами қарым-қатынас, бала тәрбиесі, білім мен ғылымға ұмтылу, адал еңбек және ел бірлігін сақтау мәселелері талқыланды.
Іс-шара барысында Есік археологиялық өлкетану музейінің директоры Нарима Жолдасбайқызы мен «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Данияр Өтепберген «Халықтың ұлы Абайы» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасына тоқталды. Баяндамаларда Абайдың қазақ әдебиетіне ғана емес, тұтас ұлттың рухани әлеміне қосқан өлшеусіз үлесі ерекше аталды.
Абай шығармаларының басты артықшылығы – оның уақытпен өлшенбейтінінде. Ақын көтерген білім, тәрбие, еңбек, адалдық, адамгершілік пен елдік мәселелері бүгінгі қоғам үшін де өзекті. Сондықтан Абай мұрасы – өткеннің ескерткіші ғана емес, қазіргі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін рухани құндылық. Дөңгелек үстелге қатысушылар осы мәселелерге тоқталып, Абайдың өнегелі сөздерін қазіргі қоғамның тәрбиесімен сабақтастыра білді.
Кездесуде аудандық «Асыл ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Базаркүл Камрадинова бастаған аналар қауымы да өз ой-пікірлерін ортаға салды. Олар хакім Абайдың шығармашылығына кеңінен тоқталып, әсіресе, ақынның қара сөздеріндегі тәлім-тәрбиелік мәні зор ойларға басымдық берді. Абайдың қара сөздерінде көтерілген мінез-құлық, ар-ұят, жауапкершілік, талап, еңбек, білім және адам болу мәселелерінің отбасы тәрбиесінде алатын орны ерекше екені айтылды.
Аналар кеңесі мүшелерінің пікірінше, Абай мұрасын жас ұрпаққа жеткізу – баршаға ортақ міндет. Себебі ұлы ақынның шығармаларында ата-анаға құрмет, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, елге қызмет ету секілді ұлттық тәрбиенің негіздері терең көрініс тапқан. Бұл құндылықтар отбасы тәрбиесімен бала бойына берілгенде ғана қоғамның рухани негізі нығая түсетіні анық.
Дөңгелек үстел басында Отбасын қолдау орталығының әлеуметтік қызметкерлері Баян Баурыржанқызы мен Надиа Нарат Абайдың сырлы да сазды өлеңдерін нақышына келтіре оқып, жиынның мазмұнын байыта түсті. Ақынның жүрекке жетер жырлары қатысушыларға ерекше әсер қалдырып, Абай поэзиясының мәңгілік құндылығын тағы бір мәрте сезіндірді.
Абай – бір дәуірдің ғана ақыны емес, барша қазақтың рухани ұстазы. Оның әрбір өлеңі мен қара сөзі адамды ойлануға, өзін тануға, жақсы мен жаманды ажыратуға жетелейді. Сондықтан Абай мұрасын ұлықтау – өткенді еске алу ғана емес, келешек ұрпақтың рухани бағдарын айқындау.
Тағылымды басқосу соңында әжелер әсем ән шырқап, Абай әндерін әуелетті. Ұлы ақынның сырлы әндері мен өлеңдерімен өрілген кеш қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, рухани мол азық болды.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ,
«Тіл» оқу-әдістемелік орталығының Еңбекшіқазақ аудандық филиалының меңгерушісі

