Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Ақсай, Медеу, Талғар және Түрген филиалдарында 1950 жылдары отырғызылған кәдімгі қарағай (Pinus sylvestris L.) екпелерінің санитариялық жағдайына орман-патологиялық мониторинг жүргізілуде.
Жасы 70–80 жылға жеткен қарағайлардың бір бөлігі физиологиялық қартаю кезеңіне өтіп, табиғи төзімділігі мен қорғаныш қабілетінің төмендеу белгілерін көрсетуде. Қылқандардың сарғаюы, тәждің сиреуі, дефолиация және қурау белгілерімен қатар, әлсіреген ағаштардың зиянкестер мен фитопатогендерден зақымдану жағдайлары байқалады. Қураған ағаштардың қабық астынан ксилофагтарға тән жүріс жолдары мен бұрғы ұнтағы анықталды.
Бұл жағдайды тек ағаштардың жасымен байланыстыруға болмайды. Экологиялық және антропогендік жүктеме, автокөлік шығарындылары, шаң-тозаң, ауыр металдардың өсімдік бетіне түсуі және рекреациялық қысым өсімдіктердің физиологиялық тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін.

Фитосанитариялық қауіп тек қарағай екпелеріне ғана қатысты емес. Ұлттық парк аумағында өсіп тұрған жапырақты және қылқанжапырақты ағаштар мен бұталардың басқа да түрлеріне зиянкестер мен аурулардың таралу қаупі бар. Әсіресе табиғи төзімділігі төмендеген өсімдіктер екінші реттік зиянкестер мен фитопатогендердің әсеріне бейім келеді.
Сонымен қатар парк аумағына демалушылар, туристер, тұрғындар және жер пайдаланушылар арқылы сырттан әкелінетін өсімдік өнімдері, жеміс-жидек пен көгөніс қалдықтары инвазиялық және карантиндік зиянкестердің, сондай-ақ фитопатогенді саңырауқұлақтардың споралары мен мицелийлерінің таралуына ықтимал фактор болуы мүмкін. Мұндай организмдердің жаңа ортаға енуі жергілікті өсімдіктерге ғана емес, жалпы орман экожүйесінің тұрақтылығына қауіп төндіреді.
Қазіргі уақытта Ұлттық парк аумағында орманның санитариялық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіліп келеді. Алайда өсімдіктердің жасы, экологиялық жүктеменің артуы және сырттан келетін биологиялық қауіптерді ескере отырып, фитосанитариялық бақылауды жүйелі түрде жалғастырудың маңызы артып отыр.
Негізгі міндет — зиянкестер мен ауруларды ерте анықтау, олардың таралу динамикасын бақылау, инвазиялық организмдердің енуіне жол бермеу және әлсіреген өсімдіктердің жағдайын тұрақты бағалау. Бұл шаралар қарағай екпелерін ғана емес, Ұлттық парктің барлық орман және өсімдік жамылғысының табиғи тұрақтылығын сақтауға бағытталуы тиіс.
Ерсұлтан ЖҮНІСЖАНОВ,
Орман қорғау, молықтыру және қалпына
келтіру бөлімінің Орман-патолог инженері
