Интернет өмірімізді жеңілдеткенімен, оның мүмкіндіктерімен бірге жаңа қауіптер де пайда болды. Соның бірі – интернет арқылы жасалатын алаяқтық. Қаскөйлер банк қызметкері, мемлекеттік орган өкілі немесе таныс адамның атын жамылып, азаматтарды алдауға тырысады. Кей жағдайда олар адамды асықтырып, ойланбастан шешім қабылдатуға әрекет етеді. Сондықтан бейтаныс қоңырау немесе күмәнді хабарлама келгенде сабыр сақтап, ақпаратты қайта тексерген жөн. Банк картасының деректері, құпиясөздер және SMS арқылы келетін кодтар ешкімге берілмеуі керек. Интернеттегі жоғары табысқа кепілдік беретін ұсыныстарға да сын көзбен қараған дұрыс. Әсіресе қаржы пирамидасы болуы мүмкін жобаларға ақша салмас бұрын оның заңдылығы мен қызметі туралы ақпаратты тексеру қажет. Тек ресми дереккөздерге сүйену қаржылық қауіптің алдын алуға көмектеседі. Цифрлық сауаттылық адамның жеке қаражаты мен деректерін қорғауда маңызды құралға айналып отыр. Күмәнді жағдайға тап болған кезде жақындармен кеңесіп, қажет болса мамандардың көмегіне жүгінген жөн. Интернеттегі қауіпсіздік – технологиядан бас тарту емес, оны сауатты әрі сақ пайдалану мәдениеті.
Сая ЕРБОЛАТҚЫЗЫ

