Ауылдың тыныштығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі – баршаға ортақ құндылық. Осы тұрғыдан алғанда, ішімдікке тәуелділіктің алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және қоғамдағы жауапкершілікті күшейту ерекше маңызға ие.
Алкогольді шамадан тыс пайдалану көптеген құқықбұзушылықтар мен тұрмыстық жанжалдардың туындауына себеп болуы мүмкін. Мас күйінде жасалған тәртіпсіздік, отбасындағы түсініспеушілік, жол-көлік оқиғалары – ішімдіктің адам өміріне тигізетін кері әсерінің көрінісі.
«Ішімдіксіз ауыл» бастамасының басты мақсаты – тыйым салу ғана емес, тұрғындарды дұрыс өмір салтын таңдауға үндеу. Бұл бағытта ауыл ақсақалдары, жастар, қоғамдық ұйымдар, білім беру мекемелері мен құқық қорғау органдары бірлесе жұмыс істеуі қажет.
Әсіресе, жас ұрпаққа ішімдіктің зияны туралы жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Спортпен айналысуға, пайдалы іске және қоғамдық белсенділікке бағыттау – зиянды әдеттердің алдын алудың тиімді жолы.
Тыныш ауыл – тәртіпті ауыл. Ал тәртіп әр азаматтың өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауынан басталады. Ішімдіксіз, жанжалсыз, қауіпсіз орта қалыптастыру – ортақ мақсат.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ